Алматы облысында 49 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды

Алматы облысында 49 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды

Алматы облысында білім беру салаларында 34 мемлекеттік қызмет белгіленген. Оның 30-ы автоматтандырылған, 4-уі қағаз түрінде көрсетіледі. Бұл туралы облыстық білім басқармасымен өткен баспасөз-мәслихаты барысында белгілі болды.

Өткен жылы білім басқармасы және басқармаға қарасты облыстық мекемелер, аудандық, қалалық білім бөлімдерімен – 170 306 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, аталған сала бойынша өңір тұрғындары жыл басынан 57 766 мемлекеттік қызмет түріне жүгінген.

Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірден басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.

«2020-2021 оқу жылында 1 сыныпқа 47 007 бала қабылданса, ағымдағы жылға 1 сыныпқа 49 000 жуық бала қабылдау жоспарланып отыр. Құжаттарды egov.kz арқылы және қағаз жүзінде беруге болады»,-дейді Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова.

Биылғы жылы білім беру саласына қатысты 9 мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыс әкімдігінің ведомстволық бағыныстағы мекемелерінің орталықтандырылған деректер базасы арқылы алуға да болады. Ол «е-zhetysu.kz» порталы деп аталынады. Жүйеде 1328 мектепке дейінгі ұйым мен 721 мектеп тіркелген.

Осы уақыт аралығында осы жүйенің көмегімен 69 774 бала жолдама алып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып үлгерген.

JETISÝ MEDIA