Жетісу жерінде ғылыми жобалар байқауы бастау алады
Алматы облысында алғаш рет «Жас ғалым» инновациялық ғылыми жобалар байқауы бастау алады. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.
Додаға 35 жасқа дейінгі студенттер, магистранттар, докторанттар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Бір қатысушы конкурсқа өз атынан бір жоба ғана ұсына алады.
Іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың мамыр айында басталады. Ғалымдар арасындағы жарыстың жүлде қоры 5 млн. теңгені құрайды.
Байқау ақпараттық технологиялар, жаратылыстану-математикалық бағыттағы блок, Әлеуметтік-экономикалық даму сынды негізгі 3 бағыттар бойынша өткізіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жобасы аясында жас ғалымдарға және олардың инновациялық жобаларына қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыс әкімінің грантына «Жас ғалым» инновациялық ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылмақ. Байқау мақсаты: Алматы облысының студенттерін, магистранттарын, докторанттарын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлері мен жаңашыл жастарының зерттеу және инновациялық қызметін насихаттау және ынталандыру, дарынды жастарды анықтау және қолдау, ғылыми жобаларды коммерциализациялау болып табылады»,-дейді Алматы облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Айта кетейік, Алматы облысында жастардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас кәсіпкерлердің кәсіби және тұлғалық дамуына әсер ету, өңірдің ғылымға қызығушылығы бар жастарының басын қосу мақсатында Алматы облыстық Жас ғалымдар одағы құрылған болатын. Бүгінде ол Экономика ғылымдарының докторы (phD) Бархудар Гусенов төрағалық етуде.