«Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жер – соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады» — демекші жақсылықтың жолымен жүріп келетін жастарға дұрыс бағыт бере білу үлкен жауапкершілік.
Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады.
Қазіргі таңда елімізде әр түрлі іс-шаралар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қаржы» мамандығының 1 курс тобының студенттері қазіргі пандемияға қарамастан, онлайн форматта да жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созуда. Алматы қаласы, Айгерім шағын ауданы, Пика көшесінде тұратын жағдайы төмен отбасына көмек берді. Уақытша жұмыссыз қалған жалғыс басты ананың қолында екі бірдей кәмелет жасқа толмаған балаларымен жалдау ақысын толей алмай отырған отбасына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттері көмек қолын созуды жөн көріп, пәтер ақысын төлеп беріп және азық-түлікпен көмек берді және қиналып қалған жағдайда студенттер көмекке келуге дайындығын айтты. Сонымен бірге мүгедектер отбасына да көмек берді. Бұл отбасында кәмелет жасқа толмаган уш бірдей балалары бар. Бүгінгі таңда балаларының үлкені небәрі 13 жасар мектеп оқушысы Аділет құлағы керең әкесі мен мылқау анасының көзі мен құлағы болып отыр. Пандемия жағдайында бұл отбасы мәселесін «Алма ТВ» арнасының журналистері де жария еткен болатын. Бұл отбасының мәселесіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттері де бей-жай қала алмады, көмек қолын созуды жөн көріп, қаржылай және азық-түлікпен көмек берді. Отбасының атынан баласы алғыс айтып әкесінің тілегін жеткізді. Бұл іс-шара студенттердің жанашырлық, мейірімділік және жақындарына қамқорлық жасау сияқты жақсы қасиеттерін ашуда. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» демекші осындай игі істер жалғасын тауып, бүгін күні тұрақты түрде осы мұқтаж отбасына оқу бітіргенше топпен өз қамқорлықтарына алып, көмек қолын беруге бел буып отыр.
Университет ұжымы студенттерге сапалы білім берумен қатар, олардың тұлға ретінде қалыптасуына зор мән береді. Ал осындай көшбасы студенттердің қалай білім алатынын, қоғамдық жұмысқа қалай араласатынын көзбен көрген жеткіншектер келешекте ел қамын күйттейтін, қайырымды болуға барынша тырысатын ұлағатты ұрпақ болып ер жетеді деп сенеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «ЭжБ»ЖМ,
Карабаева Жансая
Жайлау Мейрамбек