Алматы облысында кәсіпкер заманауи күртешелер мен пәлте шығарады

Алматы облысында кәсіпкер заманауи күртешелер мен пәлте шығарады
Алматы облысында тігінші Кәмилә Байматова мемлекеттік бағдарлама бойынша ұлттық және заманауи стильде сыртқы киім мен интерьер бұйымдарын тігетін жеке тігін цехын ашты.
58 жастағы Кәмилә Байматова Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұрады. Кәсіпкерлікті үш жыл бұрын бастаған. Мамандығы бойынша байланысшы, алайда тігін ісінде он бір жылдық тәжірибесі бар. Ательде тігінші болып қызмет атқарған. Сол орында жұмыс істеп жүріп, ұлттық нақышта киім мен үй бұйымдарын тігетін жеке ісін ашуды мақсат етті.

«Мен тігін цехында сегіз жылға жуық жұмыс істедім. Мол тәжірибе мен білім жинадым. Тұрақты клиенттерім болды. Сатып алушылар менің жасаған дүниелерімді әрдайым жоғары бағалайтын. Дәл осы қолдау мені бизнесті бастауға итермеледі. Барлық кемшіліктер мен артықшылықтарды есептеп, өз ісімді ашамын деп шештім. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында ойлағанымды жүзеге асырдым, қажетті жабдықтарды сатып алып, бірнеше адамды жұмысқа қабылдадым», — дейді кәсіпкер.
2018 жылы Кәмилә «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті. Кәсіпкерлер палатасы арқылы бір ай бойы ол кәсіпкерліктің қыр-сырын біліп, қаржы есебін жүргізуді, өз бизнесін дамытып, ілгерілетуді үйренді. 2019 жылы сәуір айында аталмыш бағдарлама бойынша 250 000 теңге сомасында грант, ал бір жылдан кейін 3 млн теңге мөлшерінде 6% жеңілдікпен несиеге қол жеткізді.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл қаражатқа тігудің кіріктірілген бағдарламалары бар автоматтандырылған машиналар сатып алынған. Көп функциялы тігін машиналары материалдарға әртүрлі бекітпелерді орындауға, тігу бағытының мәндерін, тігілетін бөліктің орналасуы мен жиектерін және басқа да жұмыстарды бағдарламалауға мүмкіндік береді.
«Біз жеке тапсырыс бойынша ұлттық және заманауи стильде пәлте, пиджак, жилет, күртеше, көйлек, сондай-ақ көрпе, жастық, қоржын, қыз жасауы және басқа да бұйымдар тігеміз. Біздің цех ай сайын 90 дана өнім мен жиынтық бұйым шығарады», — деп атап өтті кәсіпкер Кәмилә Байматова.
Айтпақшы, кәсіпкер тігетін күртешелер, пәлте мен көйлектер танымал киім брендтерінен кем түспейді, ал интерьер бұйымдары үйге сән кіргізіп, тамаша сыйлық бола алады.
Бүгінде Кәмиләдан басқа тігін цехында тағы төрт тігінші жұмыс істейді. Тапсырыс жеткілікті, халық арасында сұраныс жоғары, дейді қызметкерлері.
Сонымен бірге, биыл кәсіпкер киім мен бұйымдарды тігу бойынша оқыту курсын ашуды жоспарлап отыр.
JETISÝ MEDIA