Кез келген ұйым бірлестігі үшін логотиптің маңызы ерекше. Ұйымның атауын мақсат мүддесінен хабар беретін бұл дүниенің символикалық астары тереңде жатыр. Халықтар достастығының жаршысы саналған «Қоғамдық келісім» үшін жаңа леп қажет болды. Сол себептен, арнайы конкурс ұйымдастырылды. Бұл туралы баспасөз-мәслихатында Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Сандуғаш Дүйсенова хабарлады.
Қазан айынан бастау алған байқауға 15 адам қатысып, әртүрлі нұсқадағы үлгілер ұсынылған. Соның ішінде «Q Print» агенттігінің өкілі Шалқар Сембековтің туындысы ерекше деп танылып, жүлделі марапатқа ие болды.
10 жылдан бері осы салада жүрседе, ол логотип жасау бойынша алғашқы рет жобаға қатысқан. Ал логотиптің сәтті шығуына дәл осы мекеменің өзі шабыт сыйлаған көрінеді. Дизайнердің сөзінше, логотиптің ортасында бейнеленген шаңырақ ортақ мекенді, отбасылық үлкен жылулықты дәріптесе, жан жағындағы өрнек пен түстер жиынтығы этникалық топтарды көрсетеді. Қолданылған түстер этникалық топтардың физиологиялық ерекшеліктеріне қарай таңдалып алынған екен.
«Қоғамдық келісім» орталығы конкурс жеңімпазына 150 мың теңге ақшалай сертификатты салатантты түрде табыстады.
Сонымен қатар, аталған мекеме «Жетісу ертегілері» жобасын іске асырған еді. Мақсат алуан түрлі этностың ең таңдаулы ертегілерін жинақтау. Шараға 78 адам қатысып оның ішінен 30 адамның жұмысы таңдалып алынды. Ендігі кезекте жобаның аясын кеңейту үшін мульт кейіпкердің образын жасау көзделіп отыр. Еске сала кетейік, алдағы уақытта аталмыш жоба өз жалғасын таппақ.
Айсана Майкен