Мамандар су басу қаупі жоғары аймақты айқындады

Мамандар су басу қаупі жоғары аймақты айқындады
Жер аяғы кеңігенімен көктемгі күні ауа райының мың құбылатыны тағы бар. Жауын-шашынның көбейгені  бөгеттердегі су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне әкеп соғады. Төтеншеліктер, метеостанциялардағы көпжылдық бақылаулардың деректері бойынша наурыз айының соңында, сәуір айларында жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, бұл қауіпті стихиялық гидрометеорологиялық құбылыстардың, яғни су тасқынының туындауына әкеп соғуы мүмкін екендігін айтып дабыл қағуда.
 Алматы облысында су басу қаупі бар 42 учаске бар.  Қауіпті учаскелер саны өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген.  2020 жылы бұл көрсеткіш 48-ді құраса, 2019 жылдары 134 су тасқыны қауіпті учаске тіркелген болатын.
Мамандар,  Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары су басу қаупі жоғары аймақ деп айқындап отыр. Ал,  Панфилов, Балқаш, Іле аудандары және Талдықорған қаласының қызыл судың астында қалу қауіпі, жоғарыда аталған өңірлерге қарағанда анағұрлым төмен.
Облыс бойынша, табиғи апаттың алдын алу мақсатында 13,1 км су бұру арналары орналытып, 35,2 км арық жүйесін жөндеуден өтіп,  4,35 км қорғаныс бөгеттері қайта тұрғызылған. Сонымен қатар,  Панфилов, Ұйғыр, Балқаш, Талғар аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларындағы су тасқыны қаупі бар өзендердің 17,2 км арнасын жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Және де су тасқыны қаупін бағалау үшін 105 гидробекет қойылды.
 «2021 жылға арналған шұғыл шығындарға арналған резервте және облыстың төтенше резервінде 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат көзделген. 242 тонна жанар-жағар май, 8 мың тоннадан астам инертті материалдар, 81 мың қап дайындалды. Тұрғын үйлерді еріген қар су басуына жол бермеу мақсатында елді мекендерден 112 мың.м3 қар шығарылды»,- дейді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Игорь Жуков.
Алда-жалда қызыл су белден басса, тұрғындарды қауіпсіз жерге орналастыру үшін 905 бірлік техника, 172 мотопомпа, 20 бірлік жүзу құралы және 79 елді мекенде 120 эвакуациялық пункт құрылып, сақадай-сай тұр.
«JETISÝ MEDIA»