Алғаш рет республика бойынша Талдықорған қаласында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту филиалы ашылды. Оқу 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Қазіргі таңда әр тараптан ұйымдастырушылық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.
Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны — 8036. Қазіргі кезде 1451 мемлекеттік қызметші қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтті, яғни ол 88,9% құрайды. Аталған мемлекеттік қызметшілерді оқыту курстарын өткізу үшін жергілікті бюджеттен 57 787 706 теңге бөлінді.
«Талдықорған қаласында филиал 22 қыркүйекте тіркелген болатын. Салтанатты ашылуын желтоқсан айына қалдырып отырмыз. Филиалда мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол қызметкерлер дәріс беретін болады, және мемлекеттік қызметкерлер тек теориямен шектелмей практикалық жұмыстарға кірісетін болады. Мысалы, проектті жобалау, ғылыми жоба жасаудың қыр-сыры үйретілетін болады және осы жобаларды бірге жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Сонымен қатар, біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын табысты аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге сертификат табыстайтын боламыз», — деді ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Шакишев Қазбек.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту филиалы келер жылға 1200 қызметкерді оқытып шығуды жоспарлап отыр.