Алматы облысының кәсіпкерлері Алтай өлкесімен іскерлік байланысты дамытады
Жақында Алматы облысы мен Ресей Федерациясының Алтай өлкесі кәсіпкерлері арасында ZOOM арқылы бейнеконференц байланыс режимінде онлайн-кездесу өтті.
Алматы облыстық орыс орталығының ұйымдастыруымен кездесуге Алтай өлкесі губернаторының Әкімшілігі мен Үкіметінің, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және аймақ кәсіпкерлері қатысты.
Алматы облыстық орыс орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова онлайн-кездесу Жетісу мен Алтай кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыс орнатуға бағытталғанын атап өтті. Бұған дейін, 2019 жылдың соңында Алтай өлкесінің губернаторының Әкімшілігі мен Үкіметінің шақыруымен Алматы облысының кәсіпкерлері үшін агро және этнотуризм нысандарының қызметімен таныстыру мақсатында ақпараттық тур ұйымдастырылды.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов өз сөзінде Жетісу өңірінде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Алматы облысының жалпы ішкі өңірлік өнім құрылымында негізгі үлесті өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, сондай-ақ көлік, құрылыс, сауда және басқалар алады. Өңірде 123,2 мың ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Сонымен қатар, трансұлттық компаниялардың қатысуымен ірі жобалар жүзеге асырылды. Әсет Шаяхметов сондай-ақ «Атамекеннің» кәсіпкерліктің құқықтарын қорғау және дамыту саласындағы рөлін, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Одан әрі Алтай өлкесінің губернаторы Әкімшілігі мен Үкіметінің сыртқы байланыстар және хаттама жөніндегі департаментінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Анна Воронкова «Алтай сыйы» сауда платформасының жұмысы туралы айтып, аймақтың азық-түлік және өңдеу өнеркәсібінің әлеуетімен таныстырды. Алтай компаниялары мен олардың өнімдерінің қызметі таныстырылды.
Талдықорғандық кәсіпкер Олеся Ильченко «Selpo Gourmet Group» ЖШС табиғи өнімдер дүкенінің қызметімен таныстырды. ЖШС алаңында «Алтай сыйы» атымен заманауи сауда платформасын құру жоспарлануда, онда облыс тұрғындары үшін Алтай өндірушілерінің өнімдері ұсынылатын болады.
Жиын соңында тараптар тәжірибе және ынтымақтастық алмасуды жалғастыруға келісті.