Ұлы ерлікке тағзым

Ұлы ерлікке тағзым
15-ақпан – Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылып, ресми түрде соғыстың аяқталған күні. Бүгінгі жастар ауғандық сарбаздар сынды өр тұлғалы азаматтардың еліне адалдығын, Отанына деген сүйіспеншілігін сезініп, тағылым алсын деген ниетпен бастау алатын игілікті шара биыл да өз жалғасын тапты.
Ауған соғысының ардагерлерін алдымен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әбдіханов қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында карантин талаптары сақтала отыра өткен шараны аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған болатын. Кездесуде құттықтау сөз алған аудан басшысының м.у.а. Қайдар Әлиханұлы от пен оқтың арасынан аман оралған жерлестерімізге жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, сый-сияпатын табыс етті. Ауған соғысы мүгедектері және ардагерлерінің «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қажымұқан Альжанов пен Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Серікқазы Жұмаділовке аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.Марапат иелері жиын соңында естелік суретке де түсті.

Содан кейін жауынгерлер қаламыздағы «Жеңіс» саябағындағы Ауған соғысы құрбандарына қойылған ескерткіш тақта қасына жиналды. Салтанатты шараға аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков, қала әкімі Айдар Нұрмұханбетов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, Талғар қаласының біріккен қорғаныс істері бөлімінің қызметкерлері жиналып, қанды қырғында қаза болған интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады.
Ауған соғысына қатысып ерлік пен өрлік танытқан жауынгерлерге деген ел құрметі толастаған жоқ. Аудандық Мәдениет үйінде Ауған соғысы ардагерлеріне аудандық «Nur Otan»партиясы, Талғар қаласы әкімдігі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығының марапаттары табыс етіліп, шағын концерт ұйымдастырылды.
Перизат Ауғанбайқызы,
«Талғар»