Талдықорғанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтті

Талдықорғанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтті

Ағымдағы жылы Алматы облысында аудандық, қалалық мәслихаттардан 11 депутат әр түрлі себептермен орындарын босатты. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес облыс бойынша мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов баяндады.
Сайлауда 64 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Депутаттыққа үміткер ретінде 33 адам тіркелді. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясынан – 10, ҚКХП – 1, өзін-өзі ұсынғандар – 22 адам. Жалпы 59811 адам дауыс берді, яғни сайлаушылардың 94%-ы келді.
Сайланған 11 депутаттың 10-ы «Нұр Отан» партиясынан және 1-еуі ҚКХП мүшесі болып табылады.
«Таңдалған 10 депутаттың жоғарғы білімі бар. Қызмет саласы бойынша олар шаруашылық қызметте де, мемлекеттік мекемеде де жұмыс істеген. Жас мөлшері бойынша 30 жасқа дейін – 3, 30-дан 40 жасқа дейін – 4, 40-тан 50-ге дейін – 1, 50-ден 60-қа дейін – 2, 60 жастан жоғары – 1 депутат болып сайланды» ,-деді Т.Дәуітов.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында сайлау комиссияларының қызметіне шағымдар мен арыздар түспегені айтылды.