Алматы облысында 11 192 медицина қызметкері вакцина қабылдайды
Коронавирусқа қарсы екпе салу әліде жалғасуда. Алматы облысында айналасы он күннің ішінде 920 адам вакцина қабылдаған. Оның 410-ы Талдықорған қаласының азаматтары. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында белгілі болды.
Жетісу өңірінде 26 медициналық мекемеде 29 егу кабинеті дайындалған. Вакцинаны тасымалдауға арналған тағы 9 мұздатқыш пен 11 белсенді термоконтейнерлер жеткізіледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта 35 мұздатқыш және 29 белсенді термоконтейнер бар.
«Алматы облысына ағымдағы жылы «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасын жеткізу жоспарланған. 2021 жылғы ақпанда 6 000 доза, наурызда — 9 000, сәуірден маусымға дейін — ай сайын 45 000 доза жеткізуді жоспарланып отыр»,-дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Джансеңгіров .
Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері бірінші кезекте екпе алады. Вакцина салдыратын ақ халаттылардың саны 11 192. Ал, шалғай елді мекендерде вакцинация жүргізу қажет болған жағдайда 12 жылжымалы бригаданы іске қосу жоспарлануда. Жалпы сыйымдылығы 253 литр болатын 11 термоконтейнер дайындалған. 29 егу пунктінде екпе салдырған адамдарды бақылау үшін жеке ғимарат қарастырылған.
Естеріңізде болса, ақпан айының басында, барлық талаптарды сақтай отырып, «Медсервис Плюс «КФК» ЖШС Облыстық қан орталығының сақтау қоймасына Нұр-Сұлтан қаласынан коронавирустық инфекцияға қарсы «Спутник V» 1 компонентінің 1 450 дозасы жеткізілген болатын.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ