Алғашқы кезең аяқталды

Алғашқы кезең аяқталды
2019 жылдан бастап бітіруші түлектерге арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізілетіні туралы хабар шыққанда түлектермен бірге біз де үрке қарағанымыз рас. Дегенмен сөзден іске өткенде бұл да талапкерлер үшін қалыпты жағдайға айналып шыға келді. Енді қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында тест тапсыра алатын түлектер биылғы алғашқы сынақтан да өте шықты. Бір айта кетерлігі, маусым айында тестілеуге қатысқан талапкерлер ғана білім беру грантына арналған конкурсқа қатыса алады. Ал қалған айларда сынаққа қатысқандар ҰБТ нәтижелерімен ақылы түрдегі жоғары оқу орнының студенті атануға мүмкіндігі бар. Бұл кезеңдегі тестілеу құны – 2242 теңге.
2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 15 желтоқсанына дейін қабылданған өтінімдер негізінде биылғы жылдың алғашқы сынағы біздің ауданда да өтті. Өңір бойынша мектепті аяқтағалы отырған 1524 түлектің 1236-сы тестке қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде 1225-і тест тапсырып шықты. Себебі бірінші кезеңге қатысып, өз білімін сынап көру әр оқушының өз еркінде. Жыл сайын 25-30 пайызға жаңартылатын тест тапсырмалары биыл да сол шеңберден аспаған. Карантинге байланысты барлық тестілеу пунктерінде санитарлық нормалар сақталған. Медициналық жедел-жәрдем бригадалары мен жергілікті полиция тест аяқталғанша кезекшілік еткен. Бір аудиторияда аралары 3 метр қашықтықты сақтай отырып 20-30-дан аспайтын оқушылар кіргізілген.
Мамандардың сөзіне жүгінсек, оқуға түсу балы өткен жылдың деңгейінде қалдырылған. Яғни, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына 50, педагогика 60, ал медицина мамандығына 65 балл жинаса жеткілікті. Айта кетелік, бұл тек ақылы оқу үшін негізделген ұпай. Ең жоғары балл – 140. Ал аудандағы көрсеткіш жақсы деуге толық негіз бар. Үш күнге созылған тестілеудің қорытындысы бойынша оқушылардың жинаған жалпы ұпайының орташа көрсеткіші – 58 пайызға тең болып отыр. Ең жоғары 128 балды №18 орта мектептің оқушысы жинаса, ең төменгі 4 балды №41 орта мектептің оқушысы алған.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»