Жас балуандар бапкері

Жас балуандар бапкері

Спорт саласына бар өмірін сарп етіп жүрген жандар ортамызда аз емес. Ондай тұлғалардың есімі, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі қашанда өз бағасын алып жатады. Сондай абыройлы жанның бірі – Бекбол Джакипбаев.

Бекбол Кәдірбайұлы — 1961 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Сарыбай би ауылында дүниеге келген. 1968 -78 жылы Алматы қаласындағы №4 мектеп-интернатында білім алып, жастайынан спортқа ден қойған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Спартак» ұйымының еркін күрес секциясына жазылып, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Жұмабек Жарқынбаевтың командасына қабылданған. Міне, осы сәттен бастап күрес өнерінің қыр-сырына қанығып, спортқа бет бұрады. Қазақ күресі — қазақтың ең көне спорт түрлерінің бірінен саналады. Жекпе-жектің бұл түрі республикалық жарыс бағдарламасына кіретін сұранысқа ие. Белі мен білегі мықты жастар осы спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүргенінен хабары болатын. Сондықтан да спорттың осы түрін таңдап, бар ынта-жігерімен ден қояды. Мектепті аяқтаған соң 1980 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына қабылданып, оны абыроймен атқарып, екі жылдан кейін 1982 жылы ауылына оралды. 1982-1987 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ Туризм Академиясына оқуға түсіп, еркін күрес және денешынықтыру пәні мұғалімі бөлімін тәмамдайды. Еңбек жолын 1984 жылы Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылындағы Қ. Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Мектептегі оқу тәрбие жұмыстарының басты міндеті – оқушылардың ой өрісін дамыту, сабақ үлгеріміне қажетті жағдай тудыру, денсаулығын сақтап, денесін шынықтыру болса Бекбол Кәдірбайұлы балалардың жасына лайықтап, организмдерінің ерекшеліктеріне сай, дене жаттығуларының ауырлығы мен оқушылардың жұмыс қабілетіне, жыл маусымының өзгеруіне ыңғайлап, жұмыс жоспарын жасайтын. Балаларды спорттың барлық түріне бейімдеп, пәнге деген қызығушылықтарын арттырды.
Бекбол Кәдірбайұлы мұғалімдік жұмысына қосымша Қызыл-Қайрат ауылындағы спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс жасап жүрді. Күреске бейімдеген шәкірттерінің алды Самат Сабитов пен Талғат Қалдыбеков еркін күрестен түрлі додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Шеберлігі шыңдалған шәкірттері кезіндегі КСРО-ның құрама командасына енгенін мақтанышпен айтады. Қос спортшы қазіргі таңда жаттықтырушы болып, жастарды спортқа баулуда. «Ұстазы шәкіртімен мақтана алса, әне сол шәкірттікті ақтағаны» деген жыр жолдары Бекбол Кәдірбайұлы сынды ұстаздарға қарата айтылса керек-ті. Балуандар бағбаны 2012 жылы ауданымыздағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады. Осы мектепте жұмыс жасаған жарты жылдың өзінде спортқа баулыған жас балуандар облыс көлемінде өткен турнирлерде жүлделі орындарға ілініп, топ жарып жүрді. 2013 жылы Алматы облысының чемпионатында Мұқаділ Қадірбек есімді балуан I орын иеленіп Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алып, онда жүлделі III орынды қанжығасына байлап қайтқаны бапкердің еңбегінің ақталғаны болар. Сондай-ақ Бақыт Әбілбеков, ағайынды Базарбаевтар, Димаш Рахимов, Ерасыл Әділбек, Еркебұлан Асқарбаев, Думан Мәткерім, Айбек Қойтілесов, Бекжан Қоқан, Мадияр Абдурахимов, Бақдәулет Көшербай, Әділет Жұмақан, Абылай Жұмақан сынды шәкірттері республика және облыс көлемінде жүлдегер атанып, спорт шеберлігіне үміткер болғаны білікті ұстаздың тынымсыз еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Бекбол Кәдірбайұлы елімізге танымал спортшы, еркін күрес бойынша облыстың IV дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының түрлі деңгейдегі жарыстарының жүлдегері, халықаралық еркін күрес турнирінің жеңімпазы, Грецияның Афина қаласында өткен «Әлем чемпионатының» қатысушысы, еркін күрестен спорт шебері Мұрат Ахмадтың да тәлімгері екенін мақтанышпен айтуға болады. Алматы облысының чемпионы, Қарағанды қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында III орыннан көрінген тағы бір шәкірті Бекзат Нұрақын республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының шешімімен «Жылдың үздік ауыл жас балуаны -2020» номинациясының иегері атанып, ұстазының мәртебесін биікке көтерді. Ал бапкердің тәрбиесіндегі ең жас балуан Алихан Болатжан да дәл осындай атаққа ие болып, ауылдастары мен мектебінің, ата-анасының мерейін үстем етті.
«Толассыз еңбек тосқауылды да бұзып өтеді» деп халық мақалында айтылғандай, маңдай терін шүмектеп төгіп, шәкірт бойына күрес өнерін сіңіре білген Бекбол Кәдірбайұлының боз кілем тарландарын баптаудағы еңбегі ескерусіз қалмады. Жас ұрпақты шымыр да шыныққан, Отанын, туған жерін қорғай алатын батыл да күшті, білімді де білікті етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнап жүрген ұстаз, білікті жаттықтырушы 2013 жылы «Отан патриоты» төсбелгісімен марапатталса, одан кейін Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» төсбелгісін кеудесіне қадады. Алматы облысы әкімі А.Баталовтың «Алғыс хатымен», аудан басшыларының «Алғыс хаттарын» да арқалады. Қазақ Туризм Академиясының президенті Қ.Қ Закирьяновтың да «Алғыс хаты» білікті бапкерге табысталған еді. Бекбол Кәдірбайұлы жаңа жыл қарсаңында денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Спорт жұлдыздары» журналы редакция алқасының шешімімен «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
«Күрес – өнердің төресі» деп Балуан Шолақ атамыз айтқандай, күрес өнері көп қажыр-қайрат пен күш жұмсауды, асқан тазалықты қажетсінетін спорт түріне жататыны белгілі. Шебер жаттықтырушы жақсы балуан тәрбиелейді. Қазіргі таңда Бекбол Джакипбаевтың бағытын жалғастырушы жасөспірімдер Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде және Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт мектебінде шыңдалуда. Бұл жастардың да биік белестерді бағындырып, ел Әнұранын талай жарыстарда асқақтатын күндері де алыс емес екеніне сенімдіміз.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»