Ауыз суға қатысты жаңа заңға қол қойылды

Ауыз суға қатысты жаңа заңға қол қойылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су кодексіне түзетулер енгізген заңға қол қойды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық порталы Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды» делінген сайт мәтінінде.
Енді ауыл тұрғындары ауыз су үшін аз ақша төлей алады.
Бұған дейін сенаттың жалпы отырысында айтылғандай, қазір ауылдарда ауыз су тарифтері қалаларға қарағанда жоғары. Мұның бір себебі — ауылдардың географиялық алыстығын, халықтың тығыздығының төмендігін және басқа факторларды ескере отырып, су құбыры инфрақұрылымы құрылысының қымбаттығы. Өңірлердегі судың құнын төмендету үшін бұл шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады.
Ұсынылып отырған нормалар өңірлердің дамуына және жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Суға тарифтерді бекітудің жаңа тетігі енгізілді. Енді мұндай өкілеттікті жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар алады. Сонымен қатар, жаңа тарифті қабылдай отырып, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын және адамдардың өмір сүру деңгейін ескеруі керек. Ауыл тұрғындары үшін тариф орташа облыстық деңгейден жоғары болмауы тиіс.
Қазіргі уақытта республика бойынша берілген ауыз судың бір текше метрі үшін ең төменгі төлем мөлшері 15 теңгені құрайды.
Осы заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Талғар-ақпарат