Массаж кәсібінің майталман маманы

Массаж кәсібінің майталман  маманы

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде   белсенді өмірге араластыра отырып, өмір сүру сапасын арттыруға үкімет тарапынан жіті көңіл бөлініп,жан-жақты қолдау көрсетілуде. Еңбек етуге қабілетті жастағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік кіріктірудің маңызды шарты кәсіптік оңалту болып табылады.  Бүгінде мемлекеттік деңгейдегі қабылданған кешенді бағдарламалар аясында  еңбек табысы көздерінің бірі ретінде жалпы және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кеңінен жүзеге асырылып келеді.

Әңгімемізге арқау болып отырған Петровец Элла Евгенийқызы өз ісінің білікті маманы атанған жан.  Жарық дүние  есігін  көз жанары көру мүмкіндігінен айырылып ашқан Эллатағдыр сынағына сынбай, керісінше, табандылық танытып, еселі еңбегімен айналасына үлгі болып келеді. Өмірдерегіне зер салар болсақ,  ол  Қаскелен қаласындағы көру мүмкіндігі төмен  балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында оқып, білім алған.Оқушы кезінде-ақ   массажист болуды армандаған бойжеткен  мектеп қабырғасын 1992 жылы тамамдаған соң, медицина колледжіне түсуді көздейді. Өкінішке орай, сол бір уақытта медицина саласына қатысты арнаулы орта оқу орындарында   зағип жандардың білім алуына жағдай жасалмаған еді.  «Талапты жанға нұр жауар» деп тегін айтылмаған.Жастайынан оқу-білімге құштар, ынталы жас  қол қусырып отырмай, массажист мамандығының алғашқы әліппесін арнайы курстарға барып үйренеді.Көзі нашар көретін зағип жандардың саусақтарының сезімталдығы өте жоғары болатыны белгілі. Онымен қоса   жанына жақын мамандықты  үйренсем, білсем деген құлшынысы мен қызығушылығы Элланы алға жетелеп, қиындықты жеңе білуге итермеледі. Осылайша,   аз уақыт ішінде ол массаждың адам ағзасына тигізетін оң әсерін біліп, бірқатар техникасын үйреніп алды. Алған білімін тәжірибеменшебер ұштастыра  білетін  қолы шипалы маманның қызметіне жүгінушілердің  қатары да күн озған сайын арта түскен. Элланың бойына біткен тамаша бір қасиеті -ол білімге деген құштарлығы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін табанды жан қайткенде де арнаулы орта білім алуды көздейді. Сол арман-мақсаты 2010 жылы жүзеге асып, ол Алматы қаласындағы республикалық  медицина колледжіне түседі. Аталмыш оқу орнында  зағип жандарды оқытуға  негізделген  арнайы топ ашылған болатын. Сол мүмкіндікті қалт жібермеген Элла екі жыл білімін ұштап,  «медбике ісі, массажист» мамандығын алып шығады. Осылайша ешкімге салмақ салмай, өз несібесін адал еңбектен тауып, адамдарға саулық сыйлап жүрген  қайсар жанның еңбегі жанып еліміздегі ең үздік жиырма массажист маманның  бірі атанады. Жуырда Элла Петровец «Комплементарлық және дәстүрлі халық медицинасы  мамандарының қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестік тарапынан  «Дәстүрлі  медицина ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оған қоса әр жылдары алған марапат қағаздары мен  емделушілерінің шынайы ризашылығы өзалдына бір төбе. Қандай да болмасын сырқаттың түп-тамыры жүйке (нерв) жүйесімен тығыз байланысты екенін жақсы түсінетін массажист маман қосымша психология мамандығын да игеріп алған. Алдына келген емделушіні шипалы алақанымен ғана емес, жылы сөз, пайдалы кеңес арқылы да жандүниесін сауықтырудың әдіс-тәсілін тиімді пайдаланудың маңыздылығына    күнделікті тәжірибеде көз жеткізіп келеді. Өз ортасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосып жүрген үлесі де салмақты. Жастайынан спортқа бейім келіншектің бағындырған биігіне сүйсінбеске болмас. Ол спорттың паралимпиадалық түрінежататын жүзуден спорт шеберлігіне кандидат болса, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Элла Евгенийқызы былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы  аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн режимде өткен бір айлық кәсіпкерлік курсыноқып, кәсіпкерлік  біліктілігін жетілдірді.Дайындаған бизнес-жоспарын сәтті қорғаған ол   555 600 теңге қайтарымсыз грант алып, жұмысына  қажетті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алды.  Көптен бері қаржы тапшылығынан қол жеткізе алмай жүрген «Chicago Lux»массаж керуеті 210000теңге, «US Medica» Дарсоваль аппараты 37000 теңге, «Yamaguchi» перкуссиондық массажері 136 800  теңге тұрады. Оған қоса маман отыратын орындық, аяққа, денеге арналған массаж аппараттары да бар. Үкімет тарапынан қолдау әрі қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетілгеніне дән риза болған массажист маман кәсібінің қанаты кеңи түскеніне, алған құралдарының арқасында көрсетілетін қызметтің сапасына да оң ықпалын тигізіп отырғанына  қуанады. Емделушілерге бас, қол, аяқ және арқа массаж түрлері ұсынылады әрі бағасы да қолжетімді. Элланың массаж қызметін қабылдайтындар    Алматы, Қапшағай қалаларында да бар. Арнайы шақырту бойынша жол жүргенде жаңадап сатып алынған жиналмалы массаж керуеті тасымалға өте қолайлы екенін айтты.

  • «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»дегендей, кез келген адам массажды ауырмай тұрып, алдын ала ағзаны«тазарту», қан айналымын жақсарту үшін алғаны абзал.Сонда ғана оның тиімділігі мен пайдасы мол болады, дейді маман.

Иә, әркез айналасына пайдасын тигізуді ойлайтын өмірге құштар,  жігері жасымаған  мұндай жандар дені сау адамдардың өзіне үлгі дер едік.  Бүгінде сүйікті кәсібінің кілтін ұстап, массаж кәсібінің майталман  маманы атанғанЭлла Евгенийқызына еңбегіңіз жана берсін, деп тілейміз біз де.

 Райхан Азимова,

Талғар-ақпарат.