Осымен 7-ші рет шақырылып отырған Парламент Мәжілісінің 1-ші сессиясына қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өркендеуіне қажетті көптеген міндеттер мен реформалар жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, ел мен жердің тұрақты дамуын қалыптастыру үшін ең алдымен саяси реформаларды дұрыс жүргізіп, әлем жұртшылығының назарында тұрған мәселелерді тиімді шешу керек.
Әсіресе, атқарушы органдардың дербестігін арттырудың маңыздылығын, аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар күре жолдардың 100 пайыз жөнделетінін, жастардың даму индексін енгізудің және сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етудің қажеттігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы:
– Алтыншы – азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау, – деп азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалатындығына тоқталды. – Өздеріңіз білесіздер, жыл басында мен кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті Заңға қол қойдым. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігін едәуір күшейттік. Бұл — талқыланып жатқан қоғамдық бақылау туралы заң. Біз онлайн петиция институтын да заң жүзінде рәсімдеуіміз керек. Бұл бастамалардың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту.
Одан бөлек Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуді ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі саяси реформаның бастауында заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырудың жатқандығын ұғындырды. Шынында ел ішінде әртүрлі пікір мен қисынсыз болжам айтылып, саяси көзқарастардың дұрыс қалыптасуы барлық партияларға теңдей мүмкіндік берілуде жатыр. Осыны жақсы білген Президент Парламент мінберінде өзекті мәселелердің дер кезінде әрі орынды көтерілуі керектігін алға тартты. Әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына қосылуды көздеген Қазақстан Республикасы үшін саяси тұрғыдан жаңару керек-ақ.
Жаңа құраммен жұмысқа кіріскен Парламент Мәжілісінің кезекті сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі мені осындай ойға жетеледі. Өйткені, оның айтқан әрбір сөзі өзектілігімен, маңыздылығымен ерекшеленіп тұрды.
Нұрмұханова Жанар,
Алматы облысының Азаматтық альянсі президенті