Сайлау-2021
Талғар ауданы «Nur Otan» партиясының Мәжіліс депутаттығына үміткерлері Құспан Айгүл Сайфоллақызы және Әбсеметова Әлия Маратқызы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Тұздыбастау ауылдық округінде жүргізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасымен кеңінен таныстырып, алдағы маңызды саяси науқанға атсалысуға шақырды.
Айта кетер болсақ, Айгүл Сайфоллақызы Құспан Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің басшысы қызметін қоса атқарушы болып тағайындалған болатын.
Әбсеметова Әлия Маратқызы көпбалалы ана, медиа-волонтер, журналист, әрі қоғам белсендісі. Ол «Биыл өткелі отырған сайлауды еліміздің саяси дамуындағы айрықша бетбұрыс деп есептеймін. Демократиялық көзқарастағы журналист болғандықтан, жылдар бойы билік пен халық арасында үлкен арақашықтық бар екеніне толықтай көзім жеткені рас», – деп әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойымен бөлісіп, сайлауға қатысатынын жеткізген еді.
Ел экономикасының тұрақтылығын бақылауда ұстау мақсатында ауданымызға ат басын бұрған қос үміткерге қойылған сауал да көп болды. Ең өзекті мәселе ретінде баспана мәселесі қозғалды.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуға жасалған негізгі қадам. Сондықтан сайлауалды бағдарламасында осы мәселені жіті қарастырып, көңіл бөлген. Айта кету керек, бүгінгі күні ауданда үй алу кезегінде 4429 адам тұр. «Nur Otan» 2025 жылға қарай бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін 25,6 шаршы метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл 720 пәтерлік 10 көп қабатты тұрғын үй және 6 мыңнан астам жеке тұрғын үй салу есебінен жүзеге аспақ.
Сонымен қатар канвассинг кезінде Мәжіліс депутаттығынан үміткер Айгүл Құспан мен Әлия Әбсеметова Талғар ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Семетай Әбдіхалықовтың үйіне бас сұқты. Үгіт-насихат жұмыстары аясында аудан ақсақалына партияның сайлауалды бағдарламасы және оның негізгі бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Аға буын өкілдерін жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі толғандыратынынан хабардар болып, мемлекет үшін тұрақты әрі жалақысы лайықты жұмыс орындарының болуы экономикалық тұрақтылықтың белгісі екенін жеткізе келе ол мәселенің шешімін табатынын айтты.
Әрине ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың маңызы аса зор. Бұл тұста, «Nur Otan» партиясы да кешенді жұмыстар істеуді қолға алып отыр. Осының арқасында алдағы 5 жылдың ішінде жұмыссыздық деңгейін 3,8%-ға дейін төмендету көзделуде. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейін «Қайрат» индустриялық аймағын кемінде 8 ірі инвестициялық жобамен қамтуды, бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өңірдегі жалақыны 137 мыңнан 190 мың теңгеге дейін арттыруға қол жеткізбек.
Қоғамдағы, ел арасында орын алып жатқан түрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуі үшін ел мұңын басшылыққа жеткізудің қаншалықты қиын әрі бейнетті іс екені көпке аян. Осы тұрғыда біздің билік үшін, елдегі жетекші партия өкілдері үшін халықпен арадағы кері байланысты, ашықтықты қамтамасыз ету аса маңызды, тіпті негізгі мәселе болып отыр. Дәл осы тұрғыдан алғанда осы сайлау қазіргі таңда дәл қазақстандық қоғам үшін аса қажет жаңа тетік екені сөзсіз.
Партия мүшелерін ел алдында үлкен жауапкершілігі бар, халық шүбәсіз сенім арта алатын, сөзі мен ісі сәйкес келетін азаматтар қатарынан таңдау – бұл сөзсіз, өте орынды шешім. Бұл тетік елдің саяси өміріне араласа алатын, араласуға білімі мен өресі жететін және шын мәнінде елдің жанайқайын жеткізе алатын, жеткізіп қана қоймай, оның шешімін табуға атсалысатын азаматтарға үлкен мүмкіндік. Біздің қоғам үшін, жалпы партия мүшелері үшін бүгінгі күні ең бастысы халықтың игілігі үшін жұмыс істеу бірінші орында болуы тиіс.
Бұл тұрғыда халықтың ой-санасын жаңашылдыққа, адамгершілікке негізделген қоғам құруға бағыттауымыз керек. Яғни, өзімізді өзгерту арқылы қоғамды да жақсы жағына қарай өзгертуге ұмтылыс керек. Ал ол үшін әлбетте, мықты идеология мен ой еркіндігі қажет. Қоғамдағы ой мен сана еркіндігі оның билікке деген сенімі қалыптасып, орныққан кезде ғана туындайды.
Ауданымыздың жай-күйімен танысқан қос үміткер аудан деңгейінде көтерілген мәселелерді сайлау алдындағы бағдарламаға енгізіп, бақылауға алды. Алдағы сайлауға бір кісідей атсалысып, халықты еліміздегі жетекші партияға дауыс беруге үндеді.
Айнаш Әлдибек,
Талғар-ақпарат
(Материал ақылы,
«Nur Otan» партиясы есебінен
келісім-шарт негізінде төленеді)