Қар үстіндегі волейбол

Қар үстіндегі волейбол
Жақында Талғар қаласындағы «Алмалы» спорт мектебінің алаңқайында спорт ардагері, марқұм Сағынғали Әбиұлы Тулевтің құрметіне арналған қар үстіндегі волейболдан жарыс болып өтті. Кезінде қаладағы Абай Құнанбайұлы атындағы №3 орта мектепте дене тәрбиесінің мұғалімі болған Сағынғали аға «спорт профессоры» атанған жан еді. Ол дайындаған қыздар командасы республикалық «Алтын дән» спартакиадасында волейболдан жүлде алғаны, олардың спорттағы жетістіктері талғарлықтарға мәлім еді. Сағынғали Тулев дайындаған мектеп командасы жеңіл атлетика, футбол, волейбол түрлерінен үнемі топ жаратын. Дене тәрбиесі мен спортқа 50 жылдан астам өмірін арнаған С.Тулевті талғарлықтар әлі ұмыта қойған жоқ.
«Әке көрген оқ жонар»-демекші, бұл жарысты Сағынғали ағаның немересі Тимур Тулевтің ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Жарысқа Алматы қаласы мен көршілес аудандардан сегіз команда келді. Қар үстіндегі волейбол – бұл жаңадан пайда болған спорттың түрі. Бұл турнирде «Алмалы» спорт мектебінің жаттықтырушысы Тимур Тулевтің шәкірттері Айсұлу Мұхтарқызы, Лаура Қабылбекова және Надежда Иванченколар шебер ойын үлгісін көрсетіп, барлық қарсыластарын ұтты. Екінші орынды Алматы қаласындағы Олимпиадалық ойындарға ізбасарлар дайындайтын дайындық орталығының волейболшылары алса, үздік үштікті «Алматиночка» командасы түйіндеді. Сөйтіп Талғар спортын биікке көтеріп кеткен спорт ардагері, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» – Сағынғали Тулев турнирі өз мәресіне жетті.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»