Алматы облысында індеттің өсімі тәулігіне 0,6 пайызды құрайды
Жетісу жерінде жалпы коронавирус инфекциясының 6604 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2358 адамнан КВИ анықталған. 5709 толық емделіп шықты. Қазіргі уақытта 432 пациент әлі ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Jetisy Media» ақпараттық алаңы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметі бойынша, бүгінгі күні облыста 49 адамның індетті жұқтырғаны белгілі болып отыр. Сәйкесінше өсім тәулігіне 0,6 пайызды құраған.
Инфекциялық стационарлардың жүктемесіде ұлғайып, төсек-орын саны 683-тен 1003 төсекке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін реанимациялық төсек саны 96-дан 110-ға дейін артты.
«Коронавируспен күреске барлығы жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа — 8,8 млрд. теңге бөлінді. 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты және басқа да медициналық жабдықтар мен 31 хай Флу аппараты сатып алынды. Ауруханаларда 534 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттары бар, оның ішінде балалар үшін — 70, ересектер үшін – 464. Оттегі концентраттарының саны 1070 данаға жеткізілді»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Арман Джансеңгіров.
Қуантарлығы сол, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету пайыздық көрсеткішпен санағанда 79% — дан 89% — ға дейін артты. 180 жедел жәрдем машинасы сатып алынып, оның 145 бірлігі медициналық мекемеге жеткізілген. Жыл соңына дейін тағы 35 жедел жәрдем көлігі жеткізіледі деп күтілуде. Соған орай, бригадалар саны 205-ке дейін артады.
Естеріңізге саламыз, облыс орталығында 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілген еді. Ауыр науқастар мен балаларға арналған көп бейінді ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Қажет болған жағдайда 5280 төсек-орын орналастырылмақ.
Басқарма басшысының орынбасары Арман Серікұлы, өңірдің медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, әлемді жайлаған індетті ауыздықтау мақсатында, коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілген екен.
Және де аймақтағы 13 аурухана оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн.теңге қарастырылды. Ал, оксигенотерапиямен қамту 45% құраған.
Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, дәрілік заттардың екі айлық қоры барын атап өткен жөн. Сондықтан бұқараға дәрі-дәрмек тапшылығы орын алады деп алаңдауға негіз жоқ.
Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн.теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алынды.
Облыс басшылығы, тек қарашаның қамын ғана ойлап қоймай, адам жанының арашалары, дәрігерлер қауымында назардан тыс қалдырмаған. Оған дәдел, ағымдағы жылдың қараша айында 2156 медицина қызметкеріне 471,4 млн. теңге сомасында үстемеақы төленуі. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 1123 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 137 млн.теңге сыйлықақы төленді.
Талғар-ақпарат