Н. Назарбаев: Біз ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз

Н. Назарбаев: Біз ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз
Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Ол туралы Елбасының ресми сайтында жарияланды.
Н. Назарбаев өз құттықтауында қазақ жері кең-байтақ алқапты алып жатқанына ерекше тоқталды.
«Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз.
Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз.
Бұл – ата-бабамыздың аманаты.
Осыны ешқашан ұмытпауымыз керек», — деді Н. Назарбаев.
Сондай-ақ 29 жыл бұрын ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізді және де Әлем картасынан ойып тұрып Қазақстан деп орын алғанымызды да айта кетті.
«Біз елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік. Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды. Еуразия жүрегінде жаңа астанамызды салдық. Біз елімізде тұрақтылықты, қоғамымызда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырдық. Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет. Біз осы жылдар ішінде бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз. Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды», — деді Елбасы.
Талғар-ақпарат