Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өтті. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті және Алматы облысы әкімдігінің ұсынысымен аудан орталығы Жаркент қаласында Панфилов ауданының Сервистік әкімдігі ашылды.
Енді тұрғындар әр бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимаратта ала алады.
Мемлекеттік орган жұмысының жаңа моделі халыққа «бір терезе қағидаты» бойынша әлеуметтік маңызды мәселелер мен мемлекеттік қызметтер туралы кеңес беру және көмек алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ғимарттағы «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы және «Жетісу – адалдық алаңы» Панфилов аудандық жобалық кеңсенің өкілі тұрғындарға керекті консультация ұсынады.
«Open space» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықта 6 мекеме тұрғындарға 37 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Бұнда күту залы мен балаларға арналған шағын ойын алаңы бар. Электронды түрде кезек көрсететін сервистік әкімдікте барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазірдің өзінде қызу жұмысын бастаған орталыққа келуші тұрғындар дән риза.
Өткен жылдан бастап облысымыздың аудандары мен қалаларында 19 сервистік әкімдік ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «OPEN SPACE» форматына көшіру жоспарлануда.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті