Алматы облысында жарылыс салдарынан 8 адам ауруханаға түсті

Алматы облысында жарылыс салдарынан 8 адам ауруханаға түсті

Талдықорған қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды, — деп хабарлайды «JETISÝ MEDIA».

Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті, оның 3-і бала.
«Оқиға 26 қараша күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Талдықорған қаласы маңындағы Еркін ауылының жеке тұрғын үйінде, сыйымдылығы бес литр болатын газ баллонының жарылысы орын алып, кейіннен тұрғын үйдің тұтанусыз ішінара құлауына әкеліп соқты. Төтенше жағдайлар қызметіне кезекшінің пультіне хабарлама келісімен, жедел шара кезінде, жарылыстың шығу себебі анықталып, зардап шеккен 8 адам медициналық мекемелерге жеткізілді.  Зардап шеккендердің үшеуі бала «, — деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Константин Канин.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Қайрат Сапиолдиннің айтуынша, 2 бала мен 2 ересек адамның жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта олардың өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шаралар жүргізілуде. Ол үшін арнайы комбустиолог шақырылды.
Айта кету керек, оқиға орнында Алматы облысы ТЖ департаментінің 28 өкілі, сондай-ақ сегіз техника, сегіз жедел медициналық жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істеді. Сондай-ақ жергілікті жерде туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін облыстық ТЖ департаментінен екі психологтың жұмысы ұйымдастырылды.
Мамандар өз кезегінде, жарылыстың алдын-ала себебін тұрмыстық газ баллонын пайдалану ережелерінің бұзылғандығын атап өтті. Сұйык отынды қыс мезгілінде жылыту үшін пештің жанында қалдырылғанын, сондай ақ абайсызда іске қосылуын да айтып өткен болатын. Оқиғаға байланысты Алматы облысы ТЖД өкілдері азаматтардан газ баллондарын пайдалану және қолдану кезінде аса сақ болуды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.
Талғар-ақпарат