Тазалық – тазалықты сақтаған жерде

Тазалық – тазалықты сақтаған жерде

Сенбілік

Талғар – өз үйіміз. Осы бір тұмса табиғаты бар, саф таза ауасы бар қасиетті жерді мекен еткен әрбір азамат өзін бақытты сезінуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкеге деген сүйісппеншілігіміз шексіз болу керек. Ал сол сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін мәселе – тазалық.

Әрбір талғарлық өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. Ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тазалық айлықтарына бір адамдай атсалысуы қажет. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дейді орыс мақалы. Шындығында тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да – өзіміз. Ал жұртшылықты сенбіліктерге жұмылдырсақ, әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса қаламыз гүлденіп, ауылдарымыз көркейіп шыға келер еді. Өйткені, халық өзі жинаған жерді өзі шашпайтыны анық.
Аудан аумағындағы аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, гүлзарларды тазалау, күтіп-баптау, ағаштар отырғызу – әрбір тұрғынның міндеті. Ел арасында әртүрлі адамдар бар. Олардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәдениеті әралуан. Осы көше мәдениетін қалыптастырып, халықтың санасын ояту үшін ауданымызда түрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Аудан, қала, ауыл әкімдіктері мен түрлі құзырлы мекемелер, «Жасыл елдіктер» мен ерікті жастар, табиғат жанашырлары барынша жұмылып, жұртқа үндеу тастап, рухани-мәдени шаралар ұйымдастырып отырады. Жыл сайын көктемде және күзде ауданымызда абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту айлықтары жарияланып, сенбіліктер ұйымдастырылады. Сенбілік өткізу дәстүрі бүгінгі қазақ қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналған-ды. Мұндай жұмыстар адамды тәрбие мен тәртіпке баулиды.
Өткен сенбіде аудан әкімі Серікжан Ерекешевтің тапсырмасымен ауданымызда сенбілік жарияланды. Сенбілікке ауданымыздағы бірқатар мекеме, кәсіпорын, оқу орындары ұжымдары мен жеке құрылымдар жұмылдырылып, ауданымызды көріктендіріп, тазалығын сақтауда жұмыла көтеріліп жұмыс жасады. Қала мен ауылдардың тазалығы мен көркі сенбілікті ұйымдастырушы әкімдікке емес, тұрғындарға қажет екенін көбіміз ескере бермейтін сияқтымыз. Бұлай дейтін себебіміз – бүгін тазаланған жер ертеңіне қайтадан қоқысқа толып жатады. Қазігі таңда қаламыздың көпқабатты үйлерінің аулалары абаттандырылып, түрлі ойын алаңдары мен демалыс алаңқайлары жасалып жатқанын білесіздер. Енді сол алаңдардың қоқысқа толып жатқан кейпін күнделікті тұрғындар әлеуметтік желіге жүктеп, бір-біріне өкпе-реніштерін айтып жатыр. Әкімшілік қаламызды көркейтуге күш жұмсап жатса, тұрғындардың бұл қылықтары мәдениеттің жоқтығынан хабар беріп тұрғандай. Қоқыс тастайтын жәшіктер де жетерлік жан-жақта. «Тазалық – саулық негізі» емес пе?! Қоқыс көп жерде түрлі жұқпалы аурулар ошағы пайда болып, түрлі кеміргіштер көбейіп кететіні тағы бар. Ол алаңдарда балалар ойнайды, қариялар демалып отырады. Олардың өмірлеріне қауіп төндірмей, болашағымызды ойлағанымыз абзал еді.
Бұл аптадағы сенбілікке Талғар қаласы бойынша 350 адам жұмылдырылса, ауылдық округтерде 740 тұрғын қатысқан. Аудан бойынша 300-дей мекеме қызметкерлері белсінділік танытты. Қоқыс шығарумен айналысатын 18 мекеме техникалары мен жұмыскерлерін жұмылдырды. 13-тен аса қордаланған қоқыс алаңдары, 450 метр арық жүйелері қоқыстан тазартылған. 1300 түп түрлі ағаштар мен көшеттер отырғызылған. Сенбілік нәтижесінде 44,4 тонна қоқыс шығарылып, 158 көше қоқыстан арылған. Тұрғындармен 18 кездесу ұйымдастырылып, тазалық мәселесі туралы жиындар өткізілген. Осындай сенбілік келесі аптада жалғасатын болады. Ауламыздың тазалығы мен гүлденгені – қаламыз бен ауылымыздың гүлденгені, ауылдың гүлденгені – еліміздің көркейгені. Ендеше, апталық сенбіліктерде белсенділік танытып, туған өлкеміздің тазалығын сақтауға атсалысайық, жерлестер!
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»