КЕГЕН АУДАНЫНДА «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» АШЫЛДЫ

КЕГЕН АУДАНЫНДА  «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» АШЫЛДЫ

«Жетісу-адалдық алаңы» жобасы аясында Алматы облысының Кеген ауданында кезекті «Сервистік әкімдіктің» ашылуы өтті. Орталықтың салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Садықов Асқар Жұмаханұлы және өңір басшылығы қатысты.

Өткен жылы Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жариялап, билік пен қоғам арасын байланыстырушы көпір ретіндегі азаматтардың сұраныстарына шұғыл әрекет жасайтын мемлекеттік органдар құру қажет екендігін атап өтті.
«Сервистік әкімдік» мемлекеттік органдар жұмысының Open-space форматындағы тиімді үйлесімі болып табылады, оның ажырамас бөлігі қызметкерлердің халыққа  бағдарлануына және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға негізделген қызмет көрсетудің жоғары сапасы болып табылады.
Өткен жылдан бастап облысымыздың аудандары мен қалаларында 17 сервистік әкімдік ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «OPEN SPACE» форматына көшіру жоспарлануда.
Бұл жобаны іске асыру халыққа мемлекеттік қызметтерді қалалар мен аудандардың әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ бір ғимаратта алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Кеген ауданың сервистік әкімдігінде 29 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «сервистік әкімдік» жанынан «ЖЕТІСУ-АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» кеңсесі жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті