Өнерлінің өрісі ұзақ
Араға жылдар салып қайта жаңғырған театр
Өнерлінің өрісі ұзақ
Осынау айтулы күндегі қуанышықа ортақтаса келген Асқар Наймантаевтың ұстазы, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан театрлар одағының төрағасы, өнер ақсақалы Тұңғышбай Әл-Тарази ақ батасын беріп, «Хантәңірі» театры енді елдегі 56 театрдың қатарына қосылғанын мәлімдейтін, ол ұжымның одаққа мүшелікке алынғанын растайтын құжатты табыстаса, облыстағы жалғыз Халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызы аналық мейірімін төге ақ тілегін арнады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев арқылы арнайы Алғыс хат жіберсе, Халықаралық Абай қорының басшысы, айтыскер ақын, Аслан Ғафуров қос өнерпаз Сатымбаев Нұрмұхаммед пен Серік Айтбайұлына «Абайдың 175 жылдығына арналған» мерекелік төсбелгіні тапсырды.
Қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітановтың бейнелерін сахнада қауыштырып, қойылымды ерекшелеп жеткізген актерлердің еңбегі ерен. Мұқағали рөлін Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің директоры Рахымжан Еркін сомдаса, Еркін рөлінде Байжұма Медет ойнады. Сондай-ақ бақсы рөлін – Нурлин Жанат, әке – Сабырақын Қадыржан, ана – Думан Бота, ата – Сатымбаев Нұрмұхаммед, жігіт Уалихан Айбек, Сәду Ақерке мен Аяла Құрманғали қыздардың рөлдерін сомдап, халық ықыласына бөленді. Айта кететін жайт, осыған дейін аудан өнерпаздары М.Әуезовтың «Телғара» трагедиясын фильм-спектакль желісінде түсіріп, жариялаған болатын.
Өнер ұжымын жаңадан құрған театр режиссері Асқар Наймантаев алдағы уақытта туындайтын барлық қиындыққа дайын екенін, бұл іске үлкен жауапкершілікпен келгенін айтады. «Театрды құру, оның шымылдығын ашу оңай болған жоқ. Бірақ оның өміршеңдігі мен ары қарай жұмыс істеп кетуі одан да қиын, енді аудан деңгейіндегі, облыс деңгейіндегі басшылар жеке штат ашуға, техникалық жарақтандыру мәселесінде көмектессе», — дейді театр жетекшісі.
Сахнада дүниеге келгеннен кейін бе, театр әлеміне кіндігі байланған Асқар Әбдіғалымұлы алдағы дүйсенбіде Ұйғыр ауданындағы өнерпаздардың да басын қосып, өнер әлеміне «Қарадала» халық театрын қоспақшы. Осындай қоғам қажет ететін, халық мүддесі үшін қайта жаңғырып жатқан өнер ордаларының түтінін түтетіп жүрген ағамыздың бұл ісіне ел сүйсінері сөзсіз. Арманы айқын, мақсаты мықты Асқар ағамызға халық атынан алғыс айтып, жоспарлы істерінің берекесінің артуына тілектестік білдіреміз.
Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі. Олай болса шымылдығын жаңа түріп, жаңа қоғамға жапырақ жайған «жаңа» театр ұжымындағы жерлестеріме сәттілік тілеп, ауданымыздың абыройын асқақтатып, мәдениетін дамытуда атқарылатын жұмыстары жемісті болсын демекпін.