ТАУ ТҰЛҒАЛАР ТӨРІМІЗДЕ

ТАУ ТҰЛҒАЛАР ТӨРІМІЗДЕ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің жаңа әдісі ретінде еліміздің қалалары мен ауылдарының орталық көшелеріндегі көпқабатты үйлердің қасбетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы муралдар салу туралы бастама көтерілді.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен Іле ауданы әкімдігінің қолдауымен Өтеген батыр ауылында қос бірдей қазақтың данагөйлеріне арналған мурал салынды.
С.Қолдасов көшесінің бойындағы №19 үйдің қасбетіне қазақтың ұлы ақыны композитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың алып суреті салынды. Муралға данагөйдің «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» — деген адамды әрбір басқан қадамына ақылға салар асыл сөзі жазылған. Аталған мурал Хакімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында салынды.
Ал, екінші мурал Абай көшесі №23 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың бейнесі бейнеленген. Мурал ағартушының «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген терең тәрбиелік мазмұнға ие даналық сөзіне негізделіп салынған.
«Осындай іс-шаралар халықтың санасын өзгертуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыруға, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеуге арналған», деді Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Мақажанов.
Әр қазақстандықтың құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында  өзінің белсенділігін танытуы елдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Алматы облысы бойынша департаменті