Алматы облысында СOVID-19 екінші толқынына дайындық күшейтілді

Алматы облысында СOVID-19 екінші толқынына дайындық күшейтілді

Алматы облысында коронавирус инфекциясының мүмкін ықтимал 2-толқынына дайындық қарқынды жүргізілуде.  Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының тікелей тапсырмасымен пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,7 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде екінші толқынға дайындық үшін 8,8 млрд. теңге қарастырылған, деп хабарлайды «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңы.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, аталған қаражатқа 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты, және аудандар үшін 135 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Нәтижесінде жедел жәрдем бригадаларының саны 165-тен 205-ке дейін көбейтілетін болады.
«Бүгінгі таңда облыстың 13 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 1070 оттегі концентраторы сатып алынды. Жақында ашылған 200 төсектік жаңа инфекциялық аурухана қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Одан бөлек ауыр науқастар мен балаларға арналған көп салалы ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Жалпы екінші толқынға барлығы 5280 төсек-орын дайындалды»,– деді Батыржан Байжұманов.
Ал, коронавирус инфекциямен күреске облыс бойынша 3455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер жұмылдырылады.
Өңірдің бас дәрігері Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, 28 қараша күнгі жағдай бойынша облыста коронавирус инфекциясымен 5 адам  тіркелді.
«Облыс бойынша коронавирус инфекциясының өсу қарқыны тәулігіне 0,1%, соңғы аптада 0,2% құрады. Қазіргі уақытта инфекциялық стационардың 1 деңгейдегі жүктемесі 24,3% құрайды», – деп мәлімдеді Өмірзақ Ниязбеков.
Талғар-ақпарат