ГРЕКО атқарушы хатшысы Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жүйелі шараларына оң пікір білдірді

ГРЕКО атқарушы хатшысы Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жүйелі шараларына оң пікір білдірді

Джанлука Эспозито Мемлекет басшысының биылғы жылғы 1 қыркүйектегі жыл сайынғы Жолдауында айтылған жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысты пікірімен бөлісті.

«Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі тұрғыда шара қабылдау мен алдын алу жұмыстарына ерекше мән бергенді құптаймын», – деп атап өтті ГРЕКО атқарушы хатшысы.

Осы тұрғыда сарапшы жемқорлықтың алдын алудың түп тамыры сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты бағалау және оны қатысушы елдерде нақты іске асыру негізінде жатқанын атап өтті.

Ол Президенттің сөйлеген сөзінде айтылған риясыз және әділ сот төрелігіне бағытталған бағдарға ерекше назар аударды.

Оның пікірінше, құқықтық мемлекеттің бұл өлшемі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімділікке қол жеткізудің негізгі шарты болып табылады. Өз кезегінде жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады және экономикалық өсуге ықпал етеді.

Өз хабарламасында Эспозито мырза 2021 жылы Қазақстанды бағалаудың бірінші раундын тағатсыздана күтетінін атап өтті. Оның нәтижелері бойынша белгіленген стандарттар мен ГРЕКО-ның 20 жыл қызметі барысында жинақталған озық тәжірибені ескере отырып, заңнама мен тәжірибені жақсарту бойынша ұсынымдар ұсынылатын болады.

Қазақстан өкілдері осы халықаралық аренадағы беделді бастамаға қосылған сәттен алғаш рет ағымдағы жылдың 21-25 қыркүйегінде өтетін пленарлық сессияға онлайн режимде қатысады.

 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі