Бір үйге бір дәрігер керек…

Бір үйге бір дәрігер керек…

Талғар медициналық колледжі – 1937 жылдан бері халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп, аталмыш салада көптеген мықты мамандарды тәрбиелеп келе жатқан үздік оқу ордындарының бірі.

Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымының кандидаты, тәжірибелі хирург Бағжан Әкімбайұлы басқарып отырған бұл оқу орнында жыл сайын «Фельдшер», «Медициналық зертханашы», «Жалпы тәжірибедегі мейіргер», «Акушер», «Фармацевт» мамандықтары бойынша талапкерлерді қабылдап, ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, терін төгетін білікті мамандардың қатарын толтыруда. Осыған орай білім ордасында мол тәжірибелі дәрігерлер мен жоғары білімді ұстаздар дәріс беріп келеді. Осының нәтижесінде білікті маман дайындап отырған оқу орнының жетістіктері жоғары бағаланып Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «Жоғары медициналық колледж» дәрежесіне ие болып, шешім қабалданды. Ендігі жерде ресми түрде қаулы күтіп отырған колледж ұжымы 20 маусымнан бері мемлекеттік грант иегерлері мен ақылы бөлімдер бойынша талапкерлерді қабылдауды 20 тамызға дейін жалғастырмақ. Өз түлектерінің тәжірибелі және білікті маман болып қалыптасуы үшін еліміздегі барлық медициналық колледждермен қоса, медицинаның әр саласындағы ауруханалармен, сондай-ақ С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен де тығыз қарым-қатынас жасап, үнемі тәжірибе алмасып отырады. Осы мақсатта арнайы конференциялар ұйымдастырылып, онлайн вебинарлар өткізіліп, түрлі бейне сабақтар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұның барлығы білікті маман дайындауда ерекше орын алатын және аса қажет шаралар екені сөзсіз.

Колледж түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде медицинаның әрсаласында қызмет қызмет етіп жатыр. Тіпті, шет елде қызмет істеп жатқандары да жетерлік. Мәселен, 1993 жылы бітірген Хобыланды Шәріпханұлы Моңғолияда Баян-Өлгий аймағының Ойғыр сұмыны, Көкмойнақ деген жерде аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып келеді. 1997 жылы аталмыш оқу орнын бітірген А.Албанбаева 2012 жылдан бері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында мейірбике мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға барып, сол жақта қызмет істеп жатыр. 1998 жылы бітірген Олег Горшков бүгінде 2013 жылы «BLAUKART» бағдарламасы бойынша ФРМ-ға қоныс аударып 2013 жылдан бері Пиус-Госпитальда анестезиолог дәрігер болып қызмет атқарып, 2017 жылдан бастап Анестезиология институтында бас дәрігер және Люденшайд клиникасында төтенше жедел жәрдем дәрігері болып жұмыс істеуде. Айта берсек түлектерінің жетістіктерін сыйғыза алмаспыз, алайда бір нәрсе анық, оқимын, білемін, үйренемін, ізденемін деген адамға қашан да, қайда да жол ашық. Соларға мұрындық болып жол көрсетіп, жөн сілтейтін осындай оқу орнының жетістігі біздің де мақтанышымыз.
Ұжым директоры Бағжан Әкімбайұлы елдегі ахуалға байланысты ұжым оқыту­шылары Талғар аудандық ауруханасына қолдан келгенше көмек көрсеткенін тілге тиек ете келе, алдағы уақытта болатын өзгерістерді де дұрыс қабылдап, тез арада жағдайға қатысты оң шешім шығаруға дайын екенін жеткізді. «Қазіргі уақытта дүниені дүрбелеңге салған COVID-19 пандемиясының білім беру саласында талай қиындықтарға тірегені белгілі. Алайда осыған байланысты білім беру саласындағы ауыртпалықтарды да басқалармен тең көрген ұжым ұстаздары онлайн оқыту жүйесін де айтарлықтай дәрежеде меңгеріп, жеткілікті тәжірибе жинақтаған. Сондықтан алдағы оқу жылына барынша дайын отырмыз. Бір айта кетерлігі, биыл алдағы жоспарларға да бірталай өзгерістер енгізілді.

Ендігі жерде өткен кездегідей «ZOOM» мен «Whatsapp» байланып, уақыт жоғалтып отырмай, Ғылым және Білім министрлігінің нұсқауымен қашықтан оқыту бағдарламасын «PLATONUS» жүйесі арқылы жүзеге асырмақпыз. Ол – қашықтан және кредиттік оқыту технологиясы үрдісін кешенді түрде қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйе. Бұл жүйе жоғарғы оқу орындарының нақты ақпараттары мен оқу үрдісін толық көрсетіп отыратын орталықтандырылған деректер базасынан тұратындықтан әр студент пен оқытушыға керек ақпаратты дер кезінде қарап, білім сапасын тұрақты бақылап отыруға, қажет жағдайда дер кезінде керекті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Әрқайсысының виртуальді жеке кабинеті ашылып, студент пен оқытушы арасында арнайы веб-парақша арқылы тікелей байланыс орнатылып, әрдайым қадағалауда болады. Сондықтан алдағы уақытта үздіксіз білім беру мен қашықтан оқыту барысында айтарлықтай қиындықтар артта қалды деп есептейміз. Бірақ бұл бәрін игердік деген сөз емес, әрдайым білім саласындағы өзгерістерге дайынбыз, барлығынаәр кезде жауапкершілікпен қараймыз», – деп ағынан жарылды.

Студенттердің алаңсыз білім алып, білікті маман болып шығуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Оқу үрдісіне қажетті заманауи технологиялармен жабдықталған кабинеттер мен аудиториялар тұрақты жұмыс істеп келеді. Осыған сәйкес ұстаздардың да біліктілігі үнемі арттырылып, арнайы оқу курстарынан өтіп, сала мамандарымен тұрақты түрде тәжірибе алмасып келеді. Бұл оқу үрдісіндегі басты қажеттілік болғанымен, ертеңгі маман үшін аса қажет критерийлердің бірі болып саналады. Себебі әлемдік медицинаның тұрақты дамуы технологияның үздіксіз дамуымен тығыз байланысты екенін ескерсек, аталмыш сала мамандарының да үнемі ізденісте болуы шарт. Онсыз өте тез өзгеріп, жылдам дамып отырған елдердің қатарына жету, олардың жетістіктерін игеру мүмкіндікті қарастыруда. Сондықтан бұл саланың мамандарына деген сұраныс та жоғары, талап та қатаң.

Аты жаманның ел ішіне дендет кеткен уақытында мемлекетке қажетті барлық салалар сияқты медицина саласының да кем-кетігі анық көрінгенін жасыра алмаймыз. Ол, әсіресе, өз саласын жетік білетін жоғары дәрежелі дәрігерлер мен медбикелердің, жалпы медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігінен де анық байқалғаны ақиқат. Ауру асқынып, ел жаппай қиналған шақта қызметте жүрген дәрігерлер бәріне бірдей үлгере алмай, ауырған жұрт жанталасып ине салып, тамырға дәрі құйып беретін адам іздеп кетті. Үйден емделуге нұсқау алып, ем тағайындалған жұрт алған инесін кімге салғызарын білмей табанынан таусылғанын да көзбен көрдік. Алаяқтар ақша жасау мақсатында бір ине салып беру үшін бәлсініп, қымбат баға айтқандары да өтірік емес. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу әр адамның медицинадан хабары болуы керек екенін жете түсіндік. Ең болмағанда бір отбасында бір дәрігер, болмаса да бір медбике болуы керек екенін ұқты. Алда қандай уақыт боларын, не күтіп тұрғанын болжауға келмейтін қысылтаяң кезде тұрғанымыз да шындық.

Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ең болмағанда бейімі бар бір баласын немесе жақын туысын, танысын медициналық оқу орнына оқытып алу керек екенін жете түсінген халық үшін Талғар медициналық колледжінің есігі қашан да ашық екенін айтқымыз келеді. Елдің амандығы мен саулығы әуелі Алланың қолында болғанымен, сол жанды сақтап қалу үшін арашашы болатын ақ халатты абзал жандардың науқастанып қиналған пенденің саулығы үшін қашанда басты себепшісі екенін ұмытпақ емеспіз. Сол үшін дәрігерлер қауымына деген ел ықыласы ерен, құрметі шексіз. Ендеше балаңызды оқытуда дұрыс таңдау жасап, қажет мамандықты меңгеруде оң жол сілтеу сіздің қолыңызда, құрметті ата-аналар.

Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші.