Алматы облыстық соты карантинге жабылды, — деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Бұл туралы ведомствоның Facebook желісіндегі парақшасында жазылды.
«Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Облыс аумағында карантинді шараларды күшейту туралы» 2020 жылдың 8 маусымындағы Қаулысы мен Талдықорған қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шараларды енгізу туралы» 2020 жылдың 9 маусымындағы Қаулысы, Алматы облыстық соты төрағасының 2020 жылдың 9 маусымындағы өкімі негізінде, келесідей хабарлаймыз:»COVID-19″ коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне байланысты, 2020 жылдың маусым айының 8-і мен 19-ы аралығында Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шаралар енгізіледі»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ осы Қаулыға сәйкес: «COVID-19» ошағы болып саналған сот ғимаратында дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі, сот ғимаратына бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді, облыстық соттың барлық қызметкерлері жеті күндік үй карантиніне оқшауланады, облыстық соттың жұмысы онлайн режимде қашықтан жұмыс жасаумен қамтамасыз етіле отырып уақытша тоқтатылады, сот істерін қарау мейлінше кейінгі уақытқа шегеріледі, сот отырыстарының тағайындалған күні мен уақыты туралы істерге қатысы бар тараптарға қосымша ақпарат жолданады.
Ал қысқа мерзімде қаралуы тиіс іс материалдары, яғни Қылмыстық-процессуалдық кодексінің (ары қарай- ҚПК) 107-бабы негізінде қаралатын материалдар Талдықорған қалалық сотының ғимаратында судьямен қашықтан қаралатын болады.
Ведомствоның хабарламасына сәйкес шектеу шараларының мерзімі мен режимі инфекцияның таралу жағдайына қарай өзгертілуі мүмкін.
Талғар-ақпарат