Ресейлік кәсіпкер мақтааралдықтарға 5,2 млн доллар аударды

Ресейлік кәсіпкер мақтааралдықтарға 5,2 млн доллар аударды

Ресейлік кәсіпкер А.Усманов су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтарға 5,2 млн доллар аударды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл қаражат 5202 отбасыға 1000$ (бүгінгі курспен 427 000 тг) берілмек. ⠀

Алишер Усманов түбі өзбек, ресейлік кәсіпкер, USM холдинг иесі, меценат. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша оның қайырымдылыққа жұмсаған қаражаты 3 млрд долларға жуықтайды.

Мақтаарал халқына көмекті Өзбекстан президент Ш.Мирзиёевтің өтінішімен жасаған болуы мүмкін.

Өйткені тасқын Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылуынан басталды. Мұны өзбек президенті мойындап, өкініш білдірді.

Алишер Усманов туған жеріне жиі көмектесіп тұрады әрі оның өзбек президентімен туыстығы бар. Миллиардердің немере інісі Ш.Мирзиёевтің немере қарындасына үйленген. Алайда Усмановтың інісі жол апатынан қаза тауып, бір қызы қалды.

Усмановтың өз баласы жоқ, сондықтан ол байлығын туыстары мен компаниясындағы қызметкерлеріне тең бөліп бермекші.

Талғар-ақпарат