Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясынан 9 адам емделіп шықты. Соның ішінде 5 бала — 2 мен 10 жас аралығындағы балалар, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жазылып шыққан барлық пациенттер — Кербұлақ ауданының 34 жастағы тұрғыны, жүкті әйел үш баласымен және еңбекшіқазақтық 22 және 29 жастағы ағайындылар, сол сияқты 1991 жылғы әйел адам мен бір отбасының екі баласы. Олар Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханада 16 сәуірден бастап ем алған болатын.
Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жамила Абеуова жүкті әйелдің жағдайы орташа ауырлықта болғанын айтады.
— 34 жастағы жүкті әйел ауруханаға пневмония диагнозымен түскен еді. Жағдайы орташа ауырлықта болды. Дәрігерлер жүкті әйелді қатаң бақылауда ұстады. Жүкті әйелдің үш баласынан коронавирус екі күннен кейін анықталды. Балаларға белгілі алгоритм бойынша ем жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданынан тіркелген екі бала да бір отбасының балалары. Қазіргі уақытта барлығының денсаулықтары жақсы. Алаңдауға еш негіз жоқ, — деді бас дәрігер.
Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханада емделген 9 пациентке жасалған 3 мамыр күнгі қайта талдау нәтижесі теріс екенін көрсетті.
Сөйтіп, Алматы облысында жазылған адамдардың саны 39-ға жетті.
Талғар-ақпарат