«Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі» -деп Н.Назарбаев айтқандай Алла тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын демекпін. «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ», – деп әйгілі данышпан Төле бидің айтқаны ұжымымызда берік қалыптасқан қағида іспеттес. Осы орайда Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл ту4 аулы № 24 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде де бірлігіміз ажырамай мектеп әкімшілігі, ұстаздар қауымы, ата-аналар бірлестігі және оқушылар ұжымы болып төрт құбыламыз тең жұмыла, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті жүрегімізбен сезіне жұмыс атқарудамыз. Жаңа режимде жұмыс істеу, қашықтықтан білім беру педагогтер үшін де, ата-аналар және балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететінін баса айтқым келеді.
Осы орайда барша әріптестеріме, әсіресе бастауыш сынып мұғалімдеріне алғысымды білдіргім келеді! Қиын кезеңге қарамастан, мұғалімдер жағдайға бейімделіп, түрлі ресурстар арқылы: «Балапан», «Ел арна» телесабақтарын Bilimland білім беру платформаларын, WhatsApp, қажет болған жағдайда Instagram, Facebook парақшаларын пайдалана отырып білім мен тәрбие беруде өз міндеттерін лайықты атқаруды жалғастыруда. Қашықтан білім алуда балаларымыз өз бетінше ізденушілікпен, шығармашылық қабілеттерін арттырып, бәсекелесе оқуға бейімделгені сезілді. Ата-аналардың жауапкершіліктері артып әр баланы жіті қадағалау мен ұстаздардың еңбегінің орасандығын білдіріп, алғыстары мен ыстық ықыластарын білдіруде. Ұжымымыз осындай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады.
Ізгі амалдар жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға барша әріптестерімді үндеймін! Жұмыла көтерген жүктің, тынымсыз еңбек пен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін.
Тельтаева А.С.,
Алматы облысы, Талғар ауданы, № 24 жалпы
білім беретін орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі.