Коронавирус инфекциясының бірнеше дерегі тіркелуіне байланысты індеттің таралуына жол бермеу мақсатында Кербұлақ ауданының Сарыөзек кенті карантинге жабылады. Бұл туралы ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е.Ешкеновтың қаулысы қабылданды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған қаулыда карантин кезіндегі шектеулер, санитарлық-дезинфекциялық шаралар туралы егжей-тегжейлі атап көрсетілген. Қаулы талаптарына сәйкес Сарыөзек тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынады. Бір отбасыдан тек бір адамға ғана күніне бір рет азық-түлікке, дәріханаға, бірінші кезектегі қажеттіліктер алуға шығуына рұқсат етіледі. Карантин режимін бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.
Атап өтсек, Сарыөзектегі карантин 17 сәуірден 18-іне қараған түнгі сағат 00.00-ден 1 мамырға дейін созылады деп белгіленген.
Талғар-ақпарат