Коронавирус инфекциясы шығуына байланысты Еңбекшіқазақ ауданынағы 4 саяжай массиві бірдей карантинге жабылды, — деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.
«COVID-19 диагнозы расталған 11-ші пациентпен байланыста болған азаматтар провизорлық госпитальға жатқызылып, олардан сол мезетте КВИ анализі алынған болатын. Біз қорытындыларды алдық, 9 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Облыстық штабтың келісімімен Еңбекшіқазақ ауданындағы бірден төрт саяжай массиві — «Алтын адам», «Көксай», «Алтын алма» жəне «Береке» карантинге жабылды. Облыс əкімінің тасырмасымен тұрғындардың тізімі жасалды, қажеттілігіне қарай олар азық-түлікпен жəне қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі» деді, ведомствоның баспасөз қызметінде. Еңбекшіқазақ ауданының бас санитар дəрігері қаулы қабылдады. Қазір карантин режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ететін қызметтер жұмылдырылды.
«Соңғы анықталған 9 адам да коронавирус жұқтырған 11-ші пациенттің жақын туыстары. Барлық азаматтарды сақ болуға шақырамыз», — деп атап өтті баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында 12 жағдай тіркелген болатын. Солардың ішінде КВИ жұқтырған 11-ші пациентпен байланыста болғандар қатарында Талғар ауданының тұрғыны да болды.
12 сəуірде Алматы облысында коронавирус инфекциясының 21 жағдайы тіркелді.
Талғар-ақпарат