Қазіргі кезде әлемді жайлаған індетті тоқтату, одан балаларды сақтандыру мақсатында 6 сәуірден бастап елімізде қашықтан оқыту жүзеге асырылмақ. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың білімгерлері қашықтан оқытуға көшірілген. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл ОМАРОВА онлайн оқытудың жай-жапсарын түсіндіріп берді, деп жазады 7-su.kz.
– Қашықтықтан оқытуға көшу бойынша облысымызда алдын ала дайындық жұмысы жүзеге асырылды. Ата-аналар, мұғалімдер мен оқушыларға қашықтықтан оқыту платформаларында қалай жұмыс істеудің әр қадамын көрсететін ұсынымдардың сілтемелері мен онлайн оқытудың қадамдық нұсқамасы беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Оқу-әдістемелік орталық тарапынан тәжірибелі мамандардан құрылған педагогтардың ассоциациясы бейне сабақтарды әзірлеп, YouTube каналына жүктеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл сабақтарды облыс бойынша мұғалімдер ресурс ретінде пайдалана алады.
Бүгінде облыс бойынша 760 мектепте 411 036 оқушы білім алады, оның 363 876-сында (89%) компьютерлік техника (компьютер, ноутбук, планшет, смартфон) бар. Балаларды қашықтан оқытумен толық қамту мақсатында мектептердегі 5942 компьютер оқушыларға уақытша қолдануға берілді, 56 компьютер демеушілер арқылы алынды. Білім мекемелері бойынша оқушылардың 69 пайызы ғаламтор желісі арқылы оқытумен қамтылады деп жоспарлануда, аталған оқушылармен кері байланыс «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Оқушылар ғаламтор желісі мен Bilimland, DarynOnline, Edu Page, Zoom білім беру платформалары арқылы оқытылады. Сондай-ақ, «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналары арқылы аптасына бес күн 1-11-сынып оқушыларына арналған пән сабақтары өткізіледі, ол үшін арнайы кесте жасалды.
Бұл ғаламтор желісі қолжетімсіз немесе жылдамдығы төмен елді мекендердегі ұстаздар мен балалар үшін аса тиімді болмақ. Алайда біздің өңірдің шалғай елді мекендерінде «Балапан», «Ел-Арна» телеарналары қолжетімсіз болғандықтан облыстық «Жетісу» телеарнасынан арнайы уақыт бөлініп, жоғарыдағы 2 телеарнаның сабақтары қайталап беріледі. Осылайша, теледидар арқылы оқытумен 57505 (14%) оқушы қамтылады, кері байланыс пошта және еріктілер арқылы жүргізіледі. Ал облыстағы дарынды балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарының оқушылары өздерінің жеке сұраныстары бойынша мұғалімдерімен келісіп, қосымша онлайн-сабақ ала алады.
Қазіргі уақытта педагогтар жұмыстың өздеріне оңтайлы және әртүрлі түрлерін (бейне сабақтар, өзіндік жұмыс, онлайн-курстар, чат-сабақтар, веб-сабақтар, телеконференциялар мен форумдар), қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (скайп, телесабақ, электрондық пошта, WhatsApp және Telegram чат, Zoom, Moodle және басқалар) қолданып, дағдыларын қалыптастыруда. Ал педагог-психологтар қашықтықтан оқыту жағдайында білім алушылар мен олардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету мақсатында онлайн-кеңестер жүргізуде.
Қашықтықтан оқу барысында сабақ мектепалды даярлық сыныптарына, 1-9-сыныптарға сағат 8.30-дан, 10-11-сыныптарға сағат 14.00-ден басталып, дүйсенбі мен жұма аралығында 30 минуттан өтеді. Оқушыларды оған дайындау мақсатында алдын ала сынама сабақтар жүргізілді. Сондай-ақ, ата-аналар үшін «Біздің мектепте қашықтан оқыту қалай жүргізіледі?», оқушылар үшін «Мен қашықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» деген тақырыптарда жиналыстар өткізілді.
Байқағанымыздай, қашықтықтан оқытуда біршама қиындықтар бар. Педагогтардың ақпараттық құзыреттілігін анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 7300 мұғалімнің қашықтықтан оқыту технологияларын қолдануда қиналатындықтары анықталды. Аталған мәселені шешу үшін педагогтарға қашықтықтан оқытуда платформаларды пайдаланудың жолдарын меңгерту мақсатында «Ұстаз» орталығында онлайн курстар ұйымдастырылуда.
Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен бірлесіп, мектеп басшыларына, педагогтарға қашықтықтан оқытуда кездесетін кедергілер және оны шешу жолдары жайлы вебинарлар, интернет-форумдар ұйымдастырылады.
Ғаламтор желісіне және басқа да байланыс құралдарына қолжетімділігі жоқ білім алушылардың оқу тапсырмалары бір аптаға әзірленіп, еріктілер арқылы балаларға жеткізіледі және орындалған жұмыстар жинақталады.
Төтенше жағдайға байланысты наурыз айындағы ҰБТ мерзімі де кейінге ауыстырылды. Қазіргі уақытта мектеп түлектері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында онлайн байқау сынақтарын тегін тапсыру мүмкіндігіне ие.
Қазір орын алып отырған жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту тек Қазақстан ғана емес, әлем елдерінде қолданылуда. Осыған орай ата-аналар мен педагогтар ұжымы толық қолдау көрсетіп, індеттің таралуының алдын алуда бар мүмкіндікті пайдаланады деп сенеміз, – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі алмағайып уақытта ата-аналар тарапынан түсіністік пен ұстаздар мен оқушыларды жан-жақты қолдау қажет. Ол үшін баланың ғаламторға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сабақтарға толық қатысуын, дәріс кезінде жеке бөлмеде отырып, ешкімнің алаңдатпауына жағдай жасау ата-аналарға артылып отырған зор міндет. Баланы болашағым деп білетін әрбір ата-ананың бұл қағиданы бұлжытпай орындап, қажет жағдайда мектеп әкімшілігінен көмек сұрап, онлайн оқытудың өз дәрежесінде өтуіне үлес қосады деп білеміз.
Талғар-ақпарат