Сәбит Әбдіхалықов М.Әуезов театрының директоры лауазымынан кетті (видео)

Сәбит Әбдіхалықов М.Әуезов театрының директоры лауазымынан кетті (видео)

Сәбит Әбдіхалықов М.Әуезов театрының директоры лауазымынан ресми түрде кетті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат.

Бұған дейін театрдың баспасөз хатшысы Сәбит Әбдіхалықовтың 2020 жылдың 28 ақпанынан бастап ресми түрде театр директоры емес екенін айтқан болатын. Алайда ұжыммен ресми түрде қоштаспағанын да хабарлаған еді.

Ал кеше Сәбит Әбдімүтәліұлы театр қызметкерлерінің алдында 1 жылдық қызметтік есеп бере отырып, денсаулығының созылмалы ауруына байланысты М.Әуезов театрының директор лауазымын өз еркімен босатқанын мәлімдеді. Бұл туралы театрдың әлеуметтік инстаграм желісінде хабарланды.

Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов Сәбит Әбдіхалықовты 94 жылдық театр тарихында үздік басшылар қатарынан орын алатынын жеткізген. Сондай-ақ Асанәлі Әшімов Сәбит Әбдімүтәліұлына ұжым атынан алғыс айта отырып, шапан жауып, сый-құрмет көрсеткен. «Театр жүрегінің төрінен орын алған Сәбит бауырыма театр есігі әрқашан да айқара ашық» деген.

Ал  М.Әуезов театр ұжымының ақсақалдары атынан сөз алған ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұрат Нұрасілов те Сәбит Әбдіхалықовқа үлкендерге көрсетілген құрмет, кішілерге бағытталған ілтипатына алғысын білдірген.

«1 жыл ішінде театрдың қаржы шаруашылығын жүйелендіріп, ішкі және сыртқы саясатты орталықтандыру арқасында театр жұмысының алға басқанына ұжым мен көрермендер куә»-делінген парақшада.

Айта кетейік, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бес жылда үш рет басшы ауысты. Әбдіхалықов театр директоры болып 2018 жылдың желтоқсанында тағайындалған болатын.

Сәбит Әбдіхалықов әр жылдары «Бауыржан-шоу», «Тамаша», «Мафия мен Тақия» театрларының актері болды.

2015-2018 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарды.

Талғар-ақпарат