Әндері әр жүректің төрінде

Әндері әр жүректің төрінде

Мереке күніңмен, қарсы алам өзіңді,
Сәбилік сезіммен, арнаймын сөзімді…
Көргенше алаңмын, аңсаймын, толғанам,
Қабыл ал балаңның, сәлемін жолдаған.
Алғашқы сөзінен-ақ ыңылдап айта бастағаныңызға күмәнім жоқ. «Анаға сәлем» деп аталатын осы әннің авторы Ескендір Хасанғалиев екенінен де көпшілігіңіз хабардарсыздар.

Бірақ, баланың анаға деген тілегінің төресіне арналған бұл әнді атақты композитор 1961 жылы 21 жасында жарыққа шығарғанын біріңіз біліп, біріңіз білмесіңіз анық. Сол уақыттан бері 200-ден аса өлеңге ән жазып, әрқайсысын хитқа айналдырған Ескендір аға Хасанғалиев биыл 80 жасқа толып отыр.
Жақсылықтың жаршысы болып жүретін «ДАНА» жекеменшік мектебі жуырда қазақтың дара тұлғалы ақеділ композиторына арнап әсерлі кеш өткізді. Кешке Ескендір ағаның ұлы, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры, танымал әнші Біржан Хасанғалиев қатысты. Мәні зор кештің өтуіне ұйытқы болған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Жүнісбекова мен кітапханашы Меруерт Құсайынова. Айгүл Әбдірейімқызының ұйымдастыруымен өтетін шаралардың болам деген балаға берер тәрбиесі мол екеніне бұған дейін де куә болғанымыз бар еді. Бұл жолы да бас-аяғы жинақы, жан-жағы жұп-жұмыр кездесуге куә болдық.

Жүректі тербеп, қиялды қозғап, терең ойға шомылдыратын ғажап әндерімен халқын байытқан Ескендір ағаның ұлын тік тұрып қарсы алған оқушылар мен ұстаздар қауымының ықыласынан атақты композиторға деген зор қошемет-құрметпен қатар аталмыш мектеп шәкірттерінің ізеттілігін де байқап үлгердік. Ескендір ағаның өмірі мен өнері бейнеленген шағын бейнероликпен басталған кеш шырайын сазгердің айтулы әндері кіргізді. Тек қазақ елінің тыңдармандары ғана емес шетелде де орындаушысын тапқан әндер мектеп сахнасынан әуеледі. Ляйля Закриянқызы, Баязи Романұлы, Қарлығаш Рахымқызы шырқаған «Анаға сәлем» мен 2 «а», 3 «а» сынып оқушылары орындаған «Бозторғайым» әндерінің орындалуына Біржан Ескендірұлының да ризашылығы шексіз болды.

Сұрақ-жауапқа кезек келгенде оқушылар көңіліндегісін іркіп қала алмады. Атақты адамның ұлы болуының қандай екенін, өнерден басқа қандай саламен шұғылданатыны, Ескендір ағаның әкелік бейнесін тәппіштеп сұрап, сонымен қатар Біржан ағаларының бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын да ұғып алды.

Кешті қалыпты деңгейге салмай, қара сөзбен, жыр маржанмен әрлендірген жүргізушілер Әсет Сәбеш пен Айжан Қабылбекованың еңбегін де атап өту орынды сынды. Кеш соңында Біржан Хасанғалиев оқушылармен бірге біз ес білгелі бері еліміздің кең байтақ даласының аспанында қалықтаған «Атамекен» әнін қосыла шырқап, әр жүректің түкпіріне туған жерге деген сүйіспеншілік дәнегін еккендей болды. Үлкені бар, кішісі бар баршасы ұлттық бояуы қанық, патриотизмдік рухты оятатын әнді тік тұрып тебірене шырқап, өлмейтін туындылар әкелген дарынды сазгерге шексіз алғыстарын жаудырып жатты.

Осылайша Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Ескендір Хасан­ғалиевтың рухани сезімге толы әуендері енді ХХІ ғасыр әлеміне бет алып, әуелей беретіні ақиқат екендігіне көзіміз жетіп тарқастық.

Меруерт Дүйсенғали,
«Талғар».