13 ақпанда Қазақстанның чартерлік ұшағы Қытайдан 155 қазақстандықты Алматыға әкеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ҚР Парламенті Мәжілісінде айтты.
«10 ақпанда 217 азаматымыз елге жеткізілген еді. Тағы бір ұшағымыз бүгін кешке Қытайға ұшып, таіертең 155 қазақстандықты Алматыға жеткізеді. Осы рейстен кейін Қытайда 343 азаматымыз өз еркімен қалады, олар дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері. Сонымен бірге, студенттер мен өз шаруаларымен барған азаматтар да бар. Олармен біздің елшілік сөйлесті, олар қайтуға ниет білдірмеді», — деді М. Тілеуберді.
Оның айтуынша, Қазақстанның Қытайдағы барлық дипломатиялық мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Тек консулдық бөлімшелердің жұмысына шектеу қойылған.
Сонымен бірге министр бүгін кешке Қытайға жіберілетін ұшақта 220 орын бар екенін айтты. Сондықтан, 155 жолаушыға қосымша елге қайтуға шешім қабылдаған азаматтарды да ала кетуге болады. Олар үшін 65 орын бос.
«Чартерлік рейсті ҚР Үкіметі ұйымдастырған. Барлық жолаушылар тегін жеткізіледі. «Эйр Астана» компаниясының ұшағы Алматы қаласына ұшып келеді және жолаушылар екі апталық карантинге әзірленген арнайы корпусқа жатқызылады. Нұр-Сұлтандағы мұндай карантиндік орындарда адам саны толық», — деді министр.
Талғар-ақпарат