Енді еліміздегі жолдардың жай-күйі Еуропалық бағдарламаның жүйесі арқылы бағаланады

Енді еліміздегі жолдардың жай-күйі Еуропалық бағдарламаның жүйесі арқылы бағаланады

ҚАЗАҚСТАНДА 2020 ЖЫЛЫ ЖОЛДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН ЕУРОПАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛЕ БАСТАЙДЫ, деп хабарлайды ТалғарАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп биыл Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарлама бойынша жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін талдау жүйесін – EuroRAP енгізу шараларына кіріседі. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды. 

ДДСҰ есебі бойынша Қазақстандағы жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың көлік құралына шаққанда 71,8 адамды құрайды.  Елімізде EuroRAP жүйесін енгізу автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп, ЖКО санының азаюына ықпал етпек. Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламада жолдарды егжей-тегжейлі зерттеу және мәліметтерді жинау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған көліктік құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету қондырғылары мен біліктілік курстарынан өткен мамандар жұмыс істейді. Бағдарламада жолда болатын 50-ден астам түрлі факторға ерекше көңіл бөлінген. Тексеру шараларының нәтижесінде алынған мәліметтер EuroRAP-тың ұпайлық бағасы мен қауіпсіз жолдарға құйылатын инвестициялар жоспарын дәлелдей түседі.

Тұтастай алғанда, 2020 жылдан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін көтеру бағытында бюджетті егжей-тегжейлі әзірлеумен қоса, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мыңнан астам және қалалардағы көшелердің 1000 шақырымында EuroRAP жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін талдау шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, «EuroRAP-тың озық білімі ұлттық платформасының» базалық құжаттары әзірленіп,  EuroRAP жүйесін ұлттық заңнамаға енгізу жөніндегі егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындалады деп жоспарланған.

Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламаны енгізуде Swedish National Road Consulting AB (SweRoad) швед компаниясы консультант болмақ. Ассоциациядағы субконсультант — QAZAQ Research Institute for Road Traffic Safety (Швеция/Қазақстан).

Айта кетейік, Қазақстанда Жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық бағдарламасының – IRAP құралы «Орталық – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерін жобалау кезеңінде қолданылған болатын. Осылайша, 2017 жылы  ұзындығы 297 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» жол учаскесін, «Алматы – РФ шекарасы (Екатеринбургқа)» жолын реконструкциялау жобалары  IRAP бағалауынан өтті.

Талғар-ақпарат