Алматы полициясы «Сергек» камерасына тіркелген құқықбұзушылықтарға төленетін айыппұл қайда кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтырдан бері «Сергек» жүйесін тестілеуден өткізіп келеміз. Бұл кешенді біз қала тұрғындарының сұранысына қарай апат көп болатын жерлерде орнаттық. Бұл жүйе ең алдымен жол апатының санын азайту үшін, содан соң жол апатына байланысты қылмыстарды ашу үшін орнатылды», — деді қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.
Оның айтуынша, «Сергек» камерасына түскен құқықбұзушылықтарға салынатын айыппұлдардың барлығы қала бюджетіне түседі.
«Бірнеше күн бойы маған осындай сауалдар келіп жатыр. Сергек тіркеген қаражаттың барлығы қайда кетеді деген. Барлық әкімшілік айыппұлдар 1 теңгесіне дейін мемлекеттік бюджетке түседі», — деді ол.
Алматыда 1 қаңтарда «Сергек» жүйесінің 400 камерасы бірден іске қосылған болатын.
10 күн ішінде камералар 2,5 мың жол ережесін бұзу дерегін тіркеді. Алматылықтар 42 млн төлейді.
Талғар-ақпарат