МӘСЛИХАТТЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

МӘСЛИХАТТЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Жуырда Талғар қаласындағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің жиынжайында ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Жолан Омаров, облыстық, аудандық мәслихатының әр жылдары сайланған депутаттары мен ардагерлер, қоғамдық ұйымдар, мекеме және бөлім қызметкерлері көптеп қатысты.

Шымылдығы асқақтай шырқалған Əнұранмен түрілген салтанатты жиын өкілді органның өткені мен бүгінінен сыр шерткен мəні кең басқосуға айналды. Жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтаған аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы мəслихаттың қоғам дамуындағы рөлі мен депутаттардың атқарып келе жатқан ауқымды жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, тəуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізудегі жергілікті өкілді органдардың қызметін атап өтті.

– 1994 жылдың 7 наурызында еліміздің демократиялық құндылықтарын қуаттай түскен батыл қадам жасалып, əр деңгейдегі мəслихат депутаттарын сайлау өткені баршамызға белгілі. Халық мүддесі мен қалауын алдыңғы орынға қоятын мəслихаттардың құрылуы елдің экономикалық жəне əлеуметтік тұрғыда өркендеуіне серпін берді, қоғам белсенділігін арттырды. Бүгінгі таңда өкілді органдар өз дербестігін, ал депутаттар – кəсіпқойлық пен жауапкершілікті дəлелдеді. Өткенге көз тастай отырып, ілкімді істерге толы 25 жыл ішінде халық қалаулылары атанып, ұйымдастырушылық шаралардың озық үлгісін көрсетіп, іскерлік, табандылық, батылдықтарымен танылған мəслихаттардың атқарған қызметін таразылауға, жеткен биігін бағалауға əбден болады. Жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасында алтын көпірге айналып, оңы мен солы сараланған кесімді шешім шығару, ауданымыздың əлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мүмкіндіктерді мүлт жібермеу – мəслихат депутаттарының бұлжымас міндеті – деп, өрелі ойын ортаға салған аудан басшысы ширек ғасыр уақытта атқарушы билік пен халық арасында дəнекер болып, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан түрлі деңгейдегі мəслихат депутаттарына ризашылығын білдірді. Қазақстан Мəслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына
орай əр шақырылымда депутаттық мандатқа ие болып, ел сенімін абыроймен арқалаған бір топ ардагерлер, облыстық жəне аудандық мəслихат депутаттары, еселі еңбегімен еленген мемлекеттік қызмет ардагерлері,мəслихат аппараты қызметкерлері «ҚР мəслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар, Талғар аудандық мəслихатының хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасын алса, бір топ азаматтар Алматы облысы əкімінің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына, Қазақстан халқы Алматы облыстық Ассамблеясының Құрмет грамотасына, Қазақстан Республикасы білім жəне ғылым министрінің грамотасына, Алматы облыстық мəслихатының Құрмет грамотасы мен Алматы облысы «Nur Otan» партиясының, Талғар ауданы əкімінің Құрмет грамоталарына ие болды. Марапат иелеріне алқызыл гүл шоқтарымен қоса «Тарихы терең Талғардың шежірелі белестері» атты кітап сыйға тартылды. Егеменді елімізде түрлі деңгейдегі мəслихаттар жаңадан құрылған 1994 жылдары ең алғашқы шақырылымдарда атқарушы билік пен халықтың арасында алтын көпір болып, елдің экономикалық-əлеуметтік ахуалын арттыруға үлес қосқан ардагерлерге бұл күні көрсетілген құрмет ерекше болды. Талғар аудандық мəслихатының бірінші, екінші, үшінші шақырылымында мəслихат хатшысы болған қадірменді ақсақал, Алматы облысының жəне Талғар ауданының Құрметті азаматы Нұрсейіт Құдықов жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды. Осыдан соң мінберге көтерілген аудандық мəслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы ел Тəуелсіздігімен үндескен өкілді органнның шежірелі белестері жайында тұщымды баяндама жасап, алдағы уақытта да халық қалаулылары сауапты да жауапты міндетті абыроймен атқару жолында бар күш-жігерлерін жұмсайтынына сендірді. Салтанатты жиынның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».