Апат Талғар ауданына қарасты Гүлдала елді мекенінің тұсында орын алған. Әуе кемесінің құлағаны жөнінде алғаш болып Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлаған. Алматыдан Нұр-Сұлтанға шыққан жолаушылар ұшағының радардан жоғалғанын, кейін апатқа ұшырағанын айтады баспасөз қызметі. Бортта 95 адам болған. Соңғы мәлімет бойынша 9 адам қаза тапқан.
Сағат 07.22-де Bek Air әуе компаниясының рейсі көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды тесіп өтіп, екі қабатты құрылысқа соғылды. Өрт шыққан жоқ. Құтқару жұмысы шұғыл басталды. Қазіргі уақытта жолаушылар мен экипажды эвакуациялау жүріп жатыр… Оқиғаның мән-жайы мен себебін арнайы комиссия анықтайды, – деп хабарлады Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі Bek Air ұшағы тұрғын үй секторына құлағанын хабарлады.
Оқиға орнында құтқарушылар, медицина қызметтері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Эвакуация жүріп жатыр. Үкімет комиссиясы құрылды, – деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметі.
Талғар аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат аппараты және «Талғар» газетінің ұжымы орын алған қайғылы жағдайға қабырғасы қайысып, әуе апаты кезінде қайтыс болған жолаушылардың отбасына және туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.