«ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ»

«ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ»

Міне, осындай тақырыпта қаламыздағы үздік балабақшаның бірі – №7 «Айгөлек» бөбекжай балабақшасында ел тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесіне арналған игілікті шара өтті. Ертеңгілікті ұйымдастырудағы мақсат — балалардың бойында еліміздің даму тарихы туралы танымды қалыптастырып, ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат бере отырып, Тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымыз бен желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, олардың ерлігі жайында түсіндіріп, балаларға патриоттық тәрбие беріп, Отанды сүюге және ерлікке баулу болды.

Кішкентай бүлдіршіндер залға Б.Тілеухановтың «Елім менің» əнінің ырғағымен қолдарына жалаушаларын ұстап, мерекелік көңіл-күймен кірді. Мерекелік шара айбынды Əнұранымызбен ашылып, жүргізушілер тарихқа көз жүгіртіп, балаларға тəуелсіздікке қалай қол жеткізгеніміз туралы айтып, Желтоқсан оқиғасы туралы бейнеролик көрсетті. Тəуелсіздік жолында ғұмырларын күреске арнаған азаматтарымыз Лəззат, Сабира, Ербол, Қайраттардың есімдерін орындарынан тұрып бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскен қазақ жастарының бірі – Қайрат Рысқұлбеков жайында шағын көрініс көрсетті. Кіп-кішкентай балалар Қайраттың бейнесін шебер сомдап, батырлығын көрсетіп, ата-аналары мен педагогтарды, балаларды өз өнерлері мен тəнті қылды. Балабақша балдырғандары Тəуелсіздігіміз, Желтоқсан оқиғасы, еліміздің жетістіктері туралы тақпақтарын мəнеріне келтіре оқып, «Қазақстаным», «Желтоқсан желі» сынды рухты əндерді тамылжыта шырқап берді. Мың бұралған бишілер «Патриоттық биі» мен «Толғау» биін билеп мерекенің шырайын аша түсті.

Егеменді еліміздің тəуелсіздік алғанына биыл 28 жыл толды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы жылдары еліміз қарқынды дамып, нарықтық заман орнады. Тəуелсіз еліміздің жастары үшін заман талабына сай өнерлі де білімді болып өсу талабы қойылды. Тəуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарынан орын алып, биікті бағындырып жатыр. Болашақтың тірегі – мына бүгінгі бүлдіршіндер. Ал оларға тəлімді тəрбие беріп, нақты бағыт нұсқап отырған балабақшаның қоғамдағы орны қашанда биікте.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».