КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚАНАТЫН КЕҢЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚАНАТЫН КЕҢЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

Орта және шағын бизнесті дамыту – ел әлеуетін жақсартудың негізі болып табылады.Бүгінде аталмыш саланы дамыту үкімет тарапынан мықтап қолға алынып отыр. Осы орайда кешенді бағдарламалар қабылданып, жұмыссыз жүрген жандарды белгілі бір кәсіпке бейімдеу, қаржылай, құқықтық қолдау көрсету жүзеге асырылуда. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Бизнес өркендесе, жұмыссыздық азайып, халықтың тұрмыс-тіршілігі арта түсері анық.

Жуырда «Талғар ауданының ауыл əйелдері одағы» ҚБ ұйымдастыруымен жəне аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Талғар қаласында орын тепкен аудандық «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жиынжайында «Жетістікке бастайтын қадам» атты бизнес форум болып өтті. Мəні кең, маңызы зор іс-шараға мемлекеттік бағдарлама аясында кəсіпкерліктің кілтін ұстаған жандар, сонымен қатар жұмыссыздар мен көпбалалы аналар, жастар көптеп жиналды. Ғимараттың кең фойесінде
жаңадан өз ісін бастап, кəсібін нəсіп етіп отырған кəсіпкерлердің шығарған өнімдері, қолөнер бұйымдарымен қатар қолға алған істерін бейнелейтін фотокөрмелер кеңінен қанат жайған. Келелі басқосуға жиналған көпшілік көрмені тамашалап болған соң, форум жұмысының негізгі бөлімі басталды. Өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты мен жұмыс жоспары жайында кіріспе сөз сөйлеп ашқан «Талғар ауданының ауыл əйелдері одағы» ҚБ-нің жетекшісі Мария Сихимбаева алғашқы сөз кезегін белгілі кəсіпкер Күлəнда Батырбековаға берді. Кəсіпкерлік саласында толағай табыс пен тəлімді тəжірибеге қол жеткізген К.Батырбекова жиналғандарға бағыт-бағдар берер маңызды кеңестерін айтып, ой бөлісті. Кəсіпкерліктің кілтін ұстаған ол алғашында заман талабына сай «Еркем-ай» балабақшасын ашса, бірер жылдан соң оқытудың озық технологиясына негізделген «Дана» жекеменшік мектебін іске қосып, көпке үлгі болған еді. Жиналған көпшілік тəжірибесі толысқан кəсіпкердің əр сөзін ұйып тыңдады. Толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Бұл күнгі басқосуға Талғар аудандық Кəсіпкерлер палатасы филиалының директоры Нұрбек Даулетбақов аудандық «Nur Otan» партиясының аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Райхан Джулимбетова, аудандық мəслихат депутаты Сұлтан Нұрдəулетов қатысып, өз салалары бойынша кəсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында жанжақты түсініктемелер берді. Жиын соңында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 АЕК пен 200 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грантқа ие болып, бүгінде кəсібінің нəсібін теріп отырған нəзік жанды қыз-келіншектер ортаға шығып жеткен жетістіктерімен бөлісті. Олардың қатарында тамақ өнімдерін дайындайтын, тəтті нан тағамдарын пісіретін кəсіпкерлермен қатар электродəнекерлеу жұмыстарын жүргізіп, темірден түйін тігетін плитерлі блоктар құятын цехты іске қосқан батыл жандар да бар екен. Осылайша, ашық-жарқын пікір алмасып, тəжірибе бөліскен жас кəсіпкерлер алдағы уақытта да тығыз байланыс орнатуға бел буып, қолға алған кəсіптерінің қанатын кеңейту жолындағы игі істердің өзгелерге де жұғысты болуын тілеп тарқасты.

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».