Ұлтымыз ұлықтаған ұлы мереке
Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан Тәуелсіздігімізге биыл – 28 жыл толды. Ызғарлы желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Сондықтан да, осы бір ұлық мереке-«Тәуелсіздік күнін» жыл сайын зор құлшыныспен атап өтіп келеміз.
Биыл да ұлы мереке өз деңгейінде ұлықталды. Қаламыздағы іргелі оқу орындарының бірі саналатын Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің Мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік салтанат болып өтті. Игі шараға аудан әкімі Жолан Омаров бастап, әкім орынбасарлары, қала, ауыл әкімдері, мекеме, бөлім басшылары мен ауданымыздың Құрметті азаматтары, елге сыйлы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, ұстаздар мен дәрігерлер, аудан жастары көптеп жиналды. Мерекелік салтанат елдігіміздің айғағы айбынды Әнұранымызбен ашылды. Жиылған көпшілік алдында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы алды.
— Тәуелсіздік ғасырлар қойнауынан бас алатын ұлттық рухтың жемісі, ерлігіміз бен елдігіміздің жеңісі. «Бірліксіз елдіктің мәні болмас, ынтымағы жоқ елдің сәні болмас» — демекші сонау тәуелсіздіктің алғаш жылдарының қиын-қыспағына қарамай, егемен елдіктің қамын ойлаған, қазір де ауданымыздың құрметті азаматтары және 1986 жылы Желтоқсанның қаҺарлы күні алаңға шыққан қазақтың ұл-қыздары бүгін осында отыр. Мен айтар едім – бүгінгі тәуелсіздік туының көкке самғап, асығының алшысынан тұруында Сіздердің қосқан үлестеріңіз қомақты,-дей келе Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктеріміз бен бағындырған белестеріміздегі мемлекет басшыларының саралы саясатын, ерен еңбегін тілге тиек етіп, ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып, болашаққа бағытталған жоспарларымен бөлісті. Жиылған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Содан кейін бірқатар көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен наградтаса, Тәуелсіздік күні ме «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай аудандық мәслихат депутаттары, партия белсенділері С.Нұрдәулетов пен А.Нұрбатырованы «Құрмет грамотасын» марапаттады. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Ж.Құлбарақовқа ҚР Спорт және Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасын» тапсырып, Гүлдала ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Нұрсейітованың кеудесіне «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін қадады. Ауданымыздағы белсенді бірқатар азаматтарды «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлымен бірге ауданымыздың көркейіп, экономикасының орнығуына сүбелі үлес қосып жүрген С.Нұрдәулетов, С.Құрақпаев, К.Оразалиева, М.Искендырова, Б.Шоқабаев, О.Шалданбаев, Ж.Абжаппаров, Б.Оңғарбеков сынды азаматтарға «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, абыройларын асқақтатты. Осындай мерейлі марапаттардан кейін аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы сөз алып, ұлтымыздың аса бай рухани құндылықтарын ортамызға әкеліп, еңсеміз көтеріп, санамыз серпілткен Тәуелсіздіктің еркіндікті аңсаған халқымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті де қастерлі күн екенін айтып, көпшілікті Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтай отырып, кез келген қиыншылықты бірлесе еңсеріп, жетістіктерімізді еселей білуге үндеді. Жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Салтанатты шараны аудандыымыздың мәдениет саласының майталмандары әсем ән, толқынды билерімен әрледі. Мерекелік кешке шашу шаша келген «Салтанат» би тобы мен жергілікті «Ару» би тобының ырғақты билері сахнаның сәнін келтіріп, көрерменнің көңілін толқытса, ауданымыздың әншілері орындаған рухты өрлетер «Самалтау», «Қасқалдақ», «Мен қазақпын», «Тәуелсіздігім-мәңгілік», «Тәуелсіздік ұраны», «Тәуелсіз елім» әндері мен «Ақ жауын», «Көңілашар» күйлері мерекенің мәнін аша түскендей болды. Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 мектеп-гимназиясы жанынан құрылған ұстаздар хоры «Отаным» әнін орындап, мерекенің мәнді өтуіне өзіндік үлестерін қосты.
Толарсақтан саз кешкен батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеген аналарымыздың аққан жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Мереке құтты болсын арда ағайын!
Перизат Нұрқаева
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ