Алматы облысы VII республикалық байқауда үздік деп танылды
«Jetisu Media» алаңына Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» VII республикалық конкурсының жеңімпаздары келді.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңалту мақсатында түрлі жобалар ұйымдастырылып жатқаны мәлім. Осыған сәйкес, Республика бойынша әлеуметтік жобалардың байқауы өтіп жерлестеріміз жеңіспен оралды.
Жалпы байқауға алпыс шақты жоба қатысқан. Аталған жобада Алматы облысының 3 жобасы сынға түскен. Атап айтқанда:
«Мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру және оқыту арқылы әлеуметтік оңалту» жобасы, авторы Төлемісова Жанат Ерханқызы. Жобаның мақсаты: қоғамдастықтар мен жұмыспен қамту мәселелерін шешуге ықпал ететін әлеуметтік идеяларды іске асыру үшін шағын гранттар ұсыну арқылы мүгедектерді әлеуметтік оңалту.
«Жылыжай — бақша кешені арқылы балалар үйінің түлектерін жұмысқа орналастыру» жобасы, авторы Шулятьева Зинаида Александровна. Жобаның мақсаты: балалар үйлерінің түлектері мен жұмыс өтілі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру, сонымен қатар, шаруа қожалығының аумағында уақытша тұрғылықты үй беру.
«Ат үстінде оңалту» жобасы, авторы: Байтанова Раушан Бүркітбайқызы. Бұл жоба иппотерапия бойынша қызмет көрсету арқылы ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған.
Нәтижесінде республикалық комиссияның мүшелері «Ат үстінде оңалту» жобасын үздік деп тапқан. Аталған, әлеуметтік-жобаның мақсаты ДЦП, аутизм ауруына шалдыққан балалардың психо-физикалық ауытқуларын еңсеріп, турек-қимыл аппаратының функцияларын күшейту болып табылады»,- дейді «Rakhym» қайырымдылық қорының басқарма төрайымы Байтанова Раушан Бүркітбайқызы.
Мамандардың айтуынша, атпен баяу серуендеу адам денесіне минутына 100 шайқау импульсін береді. Ат үстінде отырған адамның бұлшық еттері жұмыс атқарады, тепе-теңдікті сақтап, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Ал, ДЦП-ға шалдыққан бөбектерге ең керегі осы жаттығу екен.
Бір сөзбен айтқанда жылқы табиғи тренажер, оны тектен-текке киелі жануар деп атамаса керекті. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында орналасқан «Rakhym» мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңалту орталығында қолға алынып жатқан бұл бастама өмірге үлкен сынақ арқалай келген «ерекше» балалардың дамуына теңдесіз көмек көрсетері анық. Өзге жаттығулардан қарағанда баламасы жоқ иппотерапияның бүлдіршіндер игілігі үшін жолға қойылғаны көңіл қуантады. Жарқын болашақтың иелері ешкімнен кем болмауы тиіс.
Анар Сабырова
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ