«Air Asia» малайзиялық әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
ҚР Президентінің тапсырмасымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа халықаралық бағыттарды ашу және жаңа шетелдік әуе компанияларын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Осы тапсырма негізінде Куала-Лумпур қаласында (Малайзия) ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті, ҚР-ның Малайзиядағы елшілігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары әуежайлары мен «Эйр Астана» әуе компаниясы өкілдері бар қазақстандық делегация Air Asia компаниясының өкілдерімен кездескен. Малайзия тарапынан «Air Asia» компаниясының негізін қалаушы Датук Камарудин бин Меранун және AirAsia әуе компаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил келіссөз жүргізді.
Air Asia — Азиядағы ірі және әлемдегі 13-ші бюджеттік әуе компания.
«Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасында «Air Asia» әуе компаниясының тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылады. Малайзия тарапына әлемдік ірі қаржы орталықтарына Қазақстан арқылы 5-ші әуе еркіндігі бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды әуежайларына ұшу мүмкіндігі ұсынылды. «Ашық аспан» режімі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларына таралады», — деп хабарлайды комитеттен.
Сонымен қатар, отандық әуежайлар өкілдері тұрақты рейстердің ашылуын ынталандыратын түрлі тетіктерді ұсынды. Өз кезегінде Датук Камарудин бин Меранун Еуропаның Рим, Милан, Ницца қалаларына және Нью-Йорк қалалары бойынша әуе еркіндігі бар Алматы қаласына тікелей рейс ашуға қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, Малайзияның Көлік министрлігі Азаматтық авиация департаментінің басшысы — мемлекеттік хатшы Мохамад Радзуан Мазланмен кездесу өтті. Келіссөз барысында малайзиялық әуе компанияларымен, соның ішінде Air Asia-мен әуе қатынасын кеңейту мәселелері талқыланды.
Малайзияның авиация билігі Қазақстанның екі ел арасында жаңа рейстерді ашу жөніндегі бастамасына толық қолдау білдірді.
Талғар-ақпарат