Волейболдан «Жетісу» командасы ҚР-ның Суперкубогін ұтып алды
Бүгін Талдықорғанда волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасының Суперкубогі өз мәресіне жетті. Сайыстың ақтық сынында Алматы облысының «Жетісу» командасы жеңімпаз атанды. Олар ұпай саны бойынша Шығыс Қазақстан облысынан келген «Алтай» командасын ұтып кетті.
«Жастар» спорт кешенінде өткен бәсеке өте тартысты өрбіді. Ойынды тамашалауға келген жергілікті жанкүйерлер өз командаластарына қолдау көрсетіп, кездесу көркін қыздырды.
Жалпы, жарысқа келер болсақ, жетісулық команда есепті бірінші болып ашты. Жергілікті команданың соқылары қарсы тараптың алаңына дөп түсіп жатты. Нәтижесінде, ойынның бірінші кезеңінде 25:18 ұпайы тіркелді.
Екінші кезең де қызыққа толы болды. Бұл жолы жетісудың бұрымды қыздары қарқын қосып, есепті 25:17-ге апарды.
Ал, үшінші сетте алтайлықтар қарсылық танытып, ұпай саны бойынша тең түсуге аз қалған еді. Алайда, Алматы облысының спортшылары мүмкіндік бермей, 25:22 ұпайымен кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 3:0.
Осылайша «Жетісу» командасы Қазақстан Республикасы Суперкубогінің үш дүркін чемпионы атанып отыр.
Марапаттау рәсімінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жеңімпаздарды құттықтап, спортшыларға Суперкубокті табыстады.
Айта кетейік, осы жарыста үздік үштік «Ертіс-Қазхром» волейбол командасына бұйырды. Олар финалда Алматы қаласының спортшыларын ұтып кетті.
Данияр Сағындық