Алматы облысында «Сапалы жол» және «Ашық бюджеттердің интерактивтік картасы» жобаларын іске асуда
Бұл туралы «Jetisy Media» коммуналдық мекемесінд өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.
Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы 26 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Парламентаризмді дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» бірегей жобасының таныстырылымы өткен болатын.
Қазіргі таңда осы жоба Алматы облысында іске қосылды.
Сыбайлас жемқорлықты тек азаматтық қоғам институттарын тарта отырып жеңуге болады, өйткені бұл жеңісте азаматтық қоғамның қызығушылығы аса жоғары. Басқарудың төменгі деңгейлеріндегі сыбайлас жемқорлық тек азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының күш-жігерімен ығыстырылуы мүмкін.
Интерактивтік карта — қоғамның ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік билігіне сенім деңгейін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді диалог платформасын құру үшін құрылған ЕурАзЭҚ және ТМД елдері арасындағы бірегей жоба.
Жобаны «Парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Арнайы мониторингтік топтың қолдауымен «QLT» отандық IT компаниясы әзірлеген.
Ашық бюджеттердің интерактивті картасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары бюджеттерінің атқарылуын жариялау, сондай-ақ азаматтардан түскен өтініштерін қабылдау және өңдеу алаңы болып табылады. Ал картаның әлеуеті бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның міндеттеріне тиімді қол жеткізу мақсатында жүйенің жаңа мүмкіндіктерін әзірлеуді және енгізуді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Алматы облысында 1353 ұйым өздерінің бюджеттерін аталған платформада жариялауда.
Айта кеткен жөн, интерактивті карта 24 сағат бойы қолжетімді, егер қандай да бір сәйкессіздіктер байқалса, кез келген адам тиісті суреттер мен бейнематериалдарды тіркей отырып, уәкілетті органға хабарлай алады.
Облысымызда жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолының ұзындығы 8960,6 шақырымды құрайды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық жолдардың үлесі 78,1% құрап отыр.
— Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысын қамтамасыз ету және көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2019 жылға облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 20,4 млрд. теңге қаражат қарастырылып, жолдардың 28 шақырымына құрылыс және қайта жаңғырту, 59,5 шақырымына және 8 көпірге күрделі, 190,3 шақырымына орташа жөндеу,81,9 шақырымына маршруттық тәсілмен жөндеу жұмыстары жүргізілуде,-деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы.
Жалпы, ағымдағы жылы 359,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, жыл соңына қарай жоспарға сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының көрсеткішін 81%- ға жеткізу көзделуде.
Балжан Қайратқызы
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ